Ирактың жаңа президенті сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ирактың өкілдер кеңесі (Парламент) ел президенті етіп Фуад Маасумды сайлады, деп хабарлады Росбалт республиканың БАҚ-тарына сілтеме жасап.

Ирактың жаңа   президенті сайланды

Сайлау сәрсенбі күні өтуі тиіс еді, алайда жоғарғы мемлекеттік лауазымға үміткерлер жөніндегі депутаттардың алауыздығынан кейінге қалдырылған болатын.

Енді Өкілдер кеңесінің басты міндеті үкіметті қалыптастыру болмақ. Ең алдымен парламентшілер басшылық лауазымдар - спикер, президент және премьер-министр қызметтері жөнінде келісіп алуы тиіс. Өткен аптада спикер болып сүннит коалициясының өкілі Селим әл-Джубури сайланған болатын.

Иракта президент негізінен өкілеттік қызметтер атқарады да, нақты билік премьер-министрдің қолында болады. Ол алдағы күндерде сайланбақ.

Ирактың қазіргі президенті Талабани 2012 жылғы желтоқсанда Германия клиникаларының біріне жатқызылған болатын, өткен сенбі күні ғана біржарым жылдан кейін елге оралды. Талабани 2005 жылы президент болып сайланған еді, 2010 жылы қайта сайланды.

Ирак президентін сайлау елге бөліну қаупі төніп тұрған күшті дағдарыс кезіне тұспа-тұс келіп отыр. Бағдад қазірдің өзінде негізінен сүнниттер тұратын біраз провинциясына бақылаудан айырылып отыр, оларға бүгінде «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы билік етуде. Сонымен бірге, Ирак Күрдістанының билігі де өзін-өзі билеу жөнінде референдум өткізуге ниеттенуде.