Иран 11 тамызда МАГАТЭ бас директорының орынбасарымен келіссөз жүргізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Иран билігі 11 тамыз күні Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен ынтымақтастықтың ықтимал аясын талқылайды. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мәлімдеді, деп жазады ТАСС.
— Ертең (11 тамыз — ред.) МАГАТЭ-мен келіссөздер өтеді, онда ынтымақтастық шеңбері айқындалады. Агенттік бас директорының орынбасары Рафаэль Гроссидің Тегеранға келуі күтілуде, — деп келтірді Арагчидің сөзін Mehr агенттігі.
Оның айтуынша, егер тараптар нақты келісімге келмесе, ирандық ядролық нысандарға тексеріс жүргізілмейді.
Айта кетейік, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Бір тәуліктен кейін Иран жауап ретінде қарымта соққы жасаған. АҚШ қақтығыс күшейгеннен тоғыз күн өткен соң араласып, Исфахан, Натанз және Фордо қалаларындағы ирандық ядролық нысандарға соққы берген.
23 маусымда Иран Қатардағы Аль-Удейд әуе базасын — Таяу Шығыстағы ең ірі америкалық әскери нысанды — зымыранмен атқылаған. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иран атысты тоқтату режимін орнатуға келіскенін хабарлады.
МАГАТЭ тарапынан Израиль мен АҚШ-тың Иран нысандарына жасаған шабуылдарын айыптамауы республика ішінде қатты сын мен наразылық тудырды. Бұл ұйымның қызметі саясиланды деген айыптар да айтылды.
2 шілдеде Иран президенті Масуд Пезешкиан елдің МАГАТЭ-мен ынтымақтастығын тоқтату туралы заңға қол қойды. Ал 22 шілдеде СІМ басшысы Аббас Арагчи болашақта МАГАТЭ инспекторларының Иранға оралуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын жеткізді.
Шілденің соңына қарай Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) техникалық делегациясы алдағы екі-үш апта ішінде Иранға баратынын айтты.