Иран АҚШ-қа соғысты тоқтатудың жеті күндік жоспарын ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM – Иран Вашингтонға АҚШ-пен қақтығысты тоқтату, Ормуз бұғазын қайта ашу және ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді жалғастыруды көздейтін жеті күндік жоспарын ұсынды, деп хабарлайды Anadolu.

п
Фото: IRNA

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясындағы баспасөз мәслихатында Тегеран басшылығының Вашингтонға жеті күндік жоспар ұсынғанын мәлімдеді.

Аракчидің айтуынша, ұсыныс АҚШ пен Иран арасында маусым айында қол жеткізілген, алайда кейін жүзеге аспай қалған өзара түсіністік туралы келісімдегі міндеттемелерге ұқсас. Вашингтон ұсынысты қабылдаған жағдайда Тегеран оны дереу жүзеге асыруға дайын екенін білдірген.

– Біз делдалдар арқылы АҚШ-қа жоспар ұсындық. Онда белгілі бір талаптар орындалған жағдайда жетінші күннің соңында Ормуз бұғазы ашылып, келіссөздер қайта басталатыны қарастырылған, – деді Аббас Аракчи.

Жоспар талаптарының қатарында жеті күн ішінде барлық бағыттағы, соның ішінде Ливандағы әскери іс-қимылдарды тоқтату бар. Сондай-ақ Иран АҚШ-тан бұғатталған қаржы активтерін босатуды, Иран мұнайына қатысты санкцияларды алып тастауды және теңіз блокадасын тоқтатуды талап етіп отыр.

Ұсыныста бұғатталған Иран қаражатының көлемі кемінде 12 млрд доллар екені айтылған. Осы талаптар орындалғаннан кейін Ормуз бұғазын қайта ашып, ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді дереу бастау көзделген.

Келіссөздер барысынан хабардар америкалық шенеуніктің айтуынша, Вашингтон делдалдар арқылы «оң әрі конструктивті» келіссөздер жүргізіп жатыр. Дегенмен АҚШ әкімшілігі келісімге келуге асықпайтынын білдірген.

Аракчи келісімге АҚШ-тағы аралық сайлауға дейін қол жеткізілгені дұрыс болатынын да айтты.

Бұған дейін Иран тарапы Қатардың араағайындығымен АҚШ-қа өз талаптарын жеткізген болатын. Олардың арасында барлық бағыттағы соғысты тоқтату, АҚШ-тың әскери әрекеттері мен теңіз блокадасын доғару және Иран активтерін босату талаптары бар.

Иран Сыртқы істер министрі Нью-Йорктегі келіссөздерін 28 қыркүйекке дейін жалғастырады.