Иран АҚШ-пен дипломатиялық келіссөздер жалғасып жатқанын растады

АСТАНА. KAZINFORM – Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казым Гарибабади Тегеран мен Вашингтон үшінші елдердің арағайындығымен дипломатиялық диалогты жалғастырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu.

флаг Ирана
Фото: Анадолу

Mizan ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Гарибабади АҚШ-пен жүргізіліп жатқан жанама келіссөздерге қатысты пікір білдірген.

– Дипломатияға жол әлі де ашық, келіссөздер жалғасып жатыр, – деді ол.

Министрдің орынбасары Иранның оқиғалардың кез келген өрбуіне дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ-пен келіссөздер өзге мемлекеттердің арағайындығымен жүргізіліп жатыр.

Гарибабади Тегеран өз мүдделерін ескеретін, екі тарап үшін де қолайлы келісімге қол жеткізуді көздейтінін айтты.

Сонымен қатар ол Иран келіссөздерді басқа мемлекеттердің мүддесін қанағаттандыру немесе ымыраға келу үшін өз ұстанымынан бас тарту мақсатында жүргізбейтінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Сенаты президент Дональд Трампты Иранға қарсы соғысты тоқтатуға міндеттейтін қарарды қабылдамаған еді. Құжатқа 51 сенатор қарсы, 48 сенатор жақтап дауыс берген.