Иран: АҚШ-пен ядролық келіссөздерге қатысты ұстаным өзгеріссіз қалады

АСТАНА. KAZINFORM – Тегеран АҚШ-пен ядролық келіссөздер кешіктірілсе де, дипломатияға адалдығын білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран: АҚШ-пен ядролық келіссөздерге қатысты ұстаным өзгеріссіз қалады
Фото: x.com / @IRIMFA_EN

Иран Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынаста дипломатиялық жолды ұстанатынын дүйсенбі күні Ислам Республикасының үкіметі мәлімдеді.

— Біз диалог пен дипломатия жолын жалғастыруға дайын екенімізді мәлімдедік және бірнеше келіссөздерге қатысу арқылы бұл дайындығымызды көрсеттік, — деді Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаиль Багаи.

Оның айтуынша, Тегеран уақыт бойынша «икемді» деді ол және Оман делдалынан АҚШ-пен кеңесудің келесі раунды үшін ықтимал жаңа күн туралы егжей-тегжейлі мәлімет беруін күтіп отыр.

3 мамырға жоспарланған ядролық бағдарлама бойынша төртінші келіссөз раунды «логистикалық себептерге» байланысты кейінге шегерілген болатын. Кейін Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи АҚШ-ты «максималистік талаптары» үшін келіссөздерді бұзды деп айыптады.

Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп Ираннан мұнай сатып алатындардың барлығына санкция салатынын ескертті.

— Біз үшін америкалық келіссөз жүргізушілер тобының мінез-құлқы мен ұстанымдары маңызды, — деп атап өтті Багаи.

 Ол сондай-ақ АҚШ шенеуніктерінің қайшылықты мәлімдемелері «ілгерілеуге ықпал етпейтінін», Тегеранның өз аумағында уран байыту құқығын қоса алғанда, негізгі ұстанымдарын қорғаудағы табандылығына әсер етпейтінін айтты.

Бейсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Иран ядролық бағдарламасына қажетті байытылған уранды өз бетімен өндірмей, оны сырттан импорттауы тиіс екенін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін 2015 жылғы Иран мен әлемдік державалар арасындағы (СВПД) келісімнен елін шығарып алған еді. Ол ядролық бағдарлама бойынша жаңа келісімге қол жеткізілмесе, Иранға қарсы соққы жасалуы мүмкін екенін ескертті. Батыс елдері Иранның ядролық бағдарламасы ядролық қару жасауға бағытталған деп санайды.

Ал Тегеран өз ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатта екенін мәлімдеп отыр.

— Егер АҚШ шынымен Иран Ислам Республикасының ядролық қаруға ие болмауын қаласа, көптеген мәселе әлдеқашан шешілген болар еді, — деді Багаи дүйсенбі күні.

Сондай-ақ Багаи Иран Ұлыбритания, Франция және Германиямен 2 мамырда Италияда өтуі тиіс болған келіссөз раундын кейінге қалдыруға дайын екенін айтты.

Сонымен қатар Тегеран Нью-Дели мен Исламабад арасындағы дағдарысты реттеуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар