Иран АҚШ-тың атысты тоқтату туралы жаңа ұсынысына жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM - Иран АҚШ ұсынған жаңа бітім жобасына қатысты жауабын пәкістандық делдалдар арқылы жолдады, деп хабарлайды Еuronews.

Иран АҚШ-тың атысты тоқтату туралы жаңа ұсынысына жауап берді
Фото: Euronews

Иран мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, Тегеран келіссөздердің басты тақырыбы ретінде соғысты толық тоқтатуды ұсынып отыр.

Иран бұл талаптың тек өз аумағына емес, барлық майданға қатысты болғанын қалайды.

Атап айтқанда, Ливан аумағындағы қақтығыстарды тоқтатып, теңіз жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерген.

Израиль Ливанда «Хезболла» ұйымына қарсы әскери операциясын жалғастырып келеді.

Вашингтонның соңғы ұсынысында соғысты тоқтату, Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысын қалпына келтіру және Иранның ядролық бағдарламасын қысқарту мәселелері қамтылған.

Алайда Тегеран ядролық бағдарламаға қатысты әңгімені кейінірек талқылауды жөн көріп отыр.

Әзірге Ақ үй Иранның жауабына ресми түсініктеме берген жоқ.

АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елшісі Майк Уолц президент Дональд Трамптың барлық дипломатиялық мүмкіндіктерді қарастырып отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар жексенбі күні әлсіз бітім режимі тағы сынға түсті.

Қатар жағалауында белгісіз дрон шабуылынан кейін кемелердің бірінен өрт шыққан.

Ал Біріккен Араб Әмірліктері пен Кувейт өз әуе кеңістігіне дрондар кіргенін хабарлады.

БАӘ бұл шабуылға Иранды айыптады.

Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір тарап мойнына алмаған.

Қатар сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаны аймақтағы теңіз саудасы мен маңызды жеткізу тізбектеріне қауіп төндіретін «қауіпті эскалация» деп атады.

Бұған дейін Дональд Трамп Иран Ормуз бұғазын ашып, ядролық бағдарламасынан бас тартпаса, кең ауқымды бомбалау қайта басталуы мүмкін екенін ескерткен еді.

Иран әлемдік мұнай тасымалы үшін аса маңызды саналатын Ормуз бұғазын жапқан. Бұл шешім жаһандық нарықтағы тұрақсыздықты күшейткен.

Өз кезегінде АҚШ Иран порттарына блокада енгізді.

Жұма күні америкалық әскерилер блокаданы бұзуға әрекет жасады деген күдікпен екі ирандық мұнай танкеріне соққы жасаған.

Ал Ислам революциясы сақшылары корпусы Иран кемелеріне шабуыл жасалса, аймақтағы америкалық базалар мен қарсылас кемелерге ауыр соққы берілетінін мәлімдеді.

Келіссөздегі негізгі даулы мәселелердің бірі — Иранның жоғары деңгейде байытылған ураны болып отыр.

БҰҰ-ның ядролық бақылау агенттігінің дерегіне сәйкес, Иранда 60 пайызға дейін байытылған 440 келіден астам уран қоры бар.

АҚШ Тегеранды ядролық қару жасауға ұмтылып отыр деп күдіктенеді және бұл бағдарламадан толық бас тартуды талап етіп келеді.

Осыған дейін Иранның АҚШ-қа жаңа келісім жобасын Пәкістан арқылы жолдағаны туралы жаздық.