Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Иран АҚШ-тың қоқан-лоқысына жауап ретінде күйрете соққы беретінін айтты

АСТАНА. KAXINFORM – Вашингтон Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасы мен шектеулердің жалғасуына байланысты Тегеранға қарсы жаңа экономикалық шаралар пакетін дайындап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Әли Абдоллахи
Фото: IRNA

Иран Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Әли Абдоллахи жұма күні Вашингтонның Иранға қарсы экономикалық шаралар қолданытыны туралы мәлімдемесінен кейін АҚШ-қа жойқын, күйрететін соққылар арқылы жауап беретінін айтып қорқытты.

Бұл туралы IRNA агенттігі хабарлады.

Әли Абдоллахи мәлімдегендей, Тегеранның жауабы бірнеше бағытты қамтиды.

-Иранның Қарулы Күштері құрлықта, теңізде, әуеде, әуе қорғанысы саласы мен киберкеңістікте де қорғанысқа дайын және қарсыластың қоқан-лоқысына күйрете соққы беріп, жазалайды,-деп мәлімдеді генерал.

Бұл мәлімдеме АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің Иранға қарсы жаңа шаралар пакетін жариялағаннан кейін жасалды, оның егжей-тегжейі дүйсенбіде жарияланады деп жоспарланып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін Иранға «кез келген қолдау» көрсететін елдер үшін экономикалық салдар туралы ескертті.

Бессент Вашингтон Иран басшылығына қысымды күшейту үшін теңіз блокадасы мен «тарихта ең қатаң санкцияларды» біріктіруді көздеп отырғанын мәлімдеді.

- Біз бұл режимді құлатамыз. Біздің одақтастарымыз бен әлемнің қалған бөлігі таңдау жасауы керек, - деді АҚШ қаржы министрі CNBC арнасына берген сұхбатында. 

Бұл ретте Бессент экономикалық қысымның күшеюін жаңа ауқымды соғыс қимылдарының алдын алу әрекетімен байланыстырды.

Оның айтуынша, максималды қысым саясаты қарқынды әскери қақтығыстың қайта басталу ықтималдығын азайтуы мүмкін.

Көршілес Иракқа сапар шеккен Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф та Вашингтонның мәлімдемелеріне жауап берді.

Оның пікірінше, АҚШ өз мақсаттарына тікелей әскери қақтығыс арқылы жете алмайды деген қорытындыға келіп, енді экономикалық қысымға сүйеніп отыр.

Иран СІМ бұған дейін АҚШ-тың жаңа санкциялары елді өз егемендігі мен ұлттық мүдделерін қорғауға деген міндеттемесінен бас тартуға мәжбүрлемейтінін мәлімдеген болатын. Иран президенті Масуд Пезешкиан да жаңа шабуыл болған жағдайда «қатал» жауап болатынын ескертті, сонымен қатар тағы да соғысты тоқтатуға шақырды.

Жаңа санкциялар туралы қауіптер туралы Ормуз бұғазы бойынша келіспеушіліктер аясында айтылды. АҚШ пен Иран атысты тоқтату туралы келіскенін сәуір мен маусым айларында жариялады, алайда кейіннен шешімге келу әрекеттері сәтсіз аяқталды.

Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды экономикалық операция басталғанын жариялады.

Осы аптада АҚШ пен Иран арасындағы маусым меморандумының 60 күндік мерзімі аяқталды. Осы аралықта тараптар соғысты тоқтатуға жол ашатын келісімге келуге тиіс болған. Алайда ондай нәтиже шыққан жоқ. Шиеленіс бұдан әрі қалай өрбуі мүмкін? Kazinform халықаралық шолушысы осы сұраққа жауап іздеп көрді.