Иран алдағы 6 айда атом бомбасын жасауы мүмкін - Германия барлауының мәліметі
БЕРЛИН. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат - Иран алдағы 6 айда атом бомбасын жасауы мүмкін. Неміс бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараты бойынша, Германияның Федералдық барлау қызметі осындай мәліметке ие,
деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Бейресми мәліметтер бойынша, неміс барлаушыларының баяндамасында сонымен бірге, Иранның Солтүстік Корея жүзеге асырып жатқан ядролық сынақтар сияқты сынақтар өткізу мүмкіндігі де айтылып отыр.
Бұл мәліметтер Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) соңғы ақпараттарына қайшы. МАГАТЭ өз баяндамасында Иранның әзірге бомба жасау үшін байытылған уранның жеткілікті мөлшеріне ие емес екендігін айтқан болатын. Германияның Федералдық барлау қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырған жоғарыдағы ақпаратқа қатысты әзірге ешқандай түсіндірме берген жоқ.