Иран Астана процесіне қатысатындығын растады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыртқы істер министрінің орынбасары Хоссейн Джабери Ансари бастаған Иран Ислам Республикасының делегациясы Астанада 23 қаңтар күні Сирия бойынша өтетін келіссөздерге (Астана процесі) қатысады. Бұл туралы Иранның сыртқы саяси ведомствосының баспасөз қызметі мәлім етті. 

Иран Астана процесіне қатысатындығын растады

«Иран Астанада өтетін келіссөздердің бастамашыларының бірі ретінде бұл кездесудің осы елдегі соғыс пен гуманитарлық дағдарысты тоқтатып, өңірде тұрақтылық пен бейбітшілікті қалыптастыру үшін Сирия билігі мен оппозиция арасында диалог орнатуға деген жақсы мүмкіндік деп есептейді»,-делінген хабарламада. 

«Келіссөздер Қазақстан, Ресей, Иран және Түркия президенттері арасында жасалған келісімге сәйкес өтеді. Келіссөздерге дайындық мәселесі сонымен қатар Иран, Ресей және Түркия сыртқы істер министрлерінің желтоқсанның 20-сы күні Мәскеуде өткен кездесуі мен аталған үш елдің сыртқы істер вице-министрлерінің Мәскеуде 14 қаңтарда өткен кездесуінде талқыланды»,-деп нақтылады Иранның СІМ-нің өкілдері.