Иран әуе рейстеріне қойылған шектеулерді алып тастады
АСТАНА. KAZINFORM – Израиль шабуылына байланысты әуе кеңістігін жапқан Иран әуе рейстерін қайта жандандырды. Бұл туралы Иран Азаматтық авиация ұйымының өкілі Жафар Язерлу мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.
Оның айтуынша, ел бойынша тоқтатылған әуе рейстері 26 қазан күні сағат 9:00-де қайта басталды.
IRNA хабарлағандай, Иранның Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Жарғысына сәйкес Тегеранның шетелдік агрессиялық әрекеттерден өз елін қорғауға құқығы мен міндеті бар екенін мәлімдеді.
«Иран өзін шетелдік агрессиядан қорғауға құқылы және міндетті деп санайды, бұл заңды қорғану құқығы БҰҰ Жарғысының 51-бабында көрсетілген», – делінген Иран Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Мәлімдемеде Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі Ирандағы бірқатар әскери орталықтарға жасалған агрессиялық әрекеттерді халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысын, әсіресе мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен ұлттық егемендігіне күш қолдану немесе күш қолдану қаупіне тыйым салу принципін анық бұзу деп санайтыны айтылған.
Бұған дейін Израиль қорғаныс күштері ирандық әскери нысандарға түнгі әуе шабуылдарын аяқтағанын айтып, Иранды қақтығыстың одан әрі шиеленісуіне қарсы тұруға дайындалуды ескерткен.
Естеріңізге сала кетейік, 25 қазаннан 26 қазанға қараған түні ИСД «режимнің Израильге қарсы үздіксіз шабуылдары» деп атаған әрекетіне жауап ретінде «Ирандағы әскери нысандарға дәл соққылар жасап жатқанын» мәлімдеді.
Израиль әскерінің Иранға жауабы Тегеран 1 қазанда Израильге жаппай шабуыл жасап, 200-ге жуық баллистикалық зымырандармен атудан кейін күтілген болатын. Бұл өз кезегінде Иран қолдайтын ливандық шииттік «Хезболла» тобының жетекшісі Хасан Насралланың өлтірілуіне жауап ретінде жасалды. Ол израильдіктердің Бейруттегі Хезболланың штаб-пәтеріне жасаған соққысынан қаза тапты.
Иран ақпарат құралдары 26 қазанға қараған түні Тегеранда және оған жақын орналасқан әскери базаларда екі сағаттан астам уақыт бойы бірнеше жарылыстың екі толқыны болғанын хабарлады. IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің (ҚазАқпарат серіктес агенттік) хабарлауынша, Тегеранның орталығында зениттік атыс естілді.
Иран парламентінің (Мәжіліс) ұлттық қауіпсіздік комитетінің мүшесі Эсмаил Косари Израильдің соққысы айтарлықтай зиян келтірмегеніне қарамастан, Иранның жауап беретінін мәлімдеді.