15:35, 25 Сәуір 2013 | GMT +5
Иран Ауғанстаннан әскерилердің шығарылуына оң көзқарас ұстанады - Хушанг Әмірахмади
АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат - Иран Ауғанстаннан әскерилердің шығарылуына оң көзқарас ұстанады. Бүгін Астанада өтіп жатқан Еуразия медиа форумы барысында сөз сөйлеген Иран Ислам Республикасының президенттігіне кандидат Хушанг Әмірахмади осылай мәлімдеді.
Х. Әмірахмадидің пайымынша, Ауғанстанға басқыншылық болып, оның ұзаққа созылуы, қиындыққа ұрынуы - бұның барлығы жалпы өңірдегі оқиғалардың дамуына жағымсыз әсер етті.
«Дегенмен, шеттен келген әскерилердің шығатын уақыты жетті және мен қазір Ауғанстан өзін де, өңірді де өзі қорғауға, елдегі тұрақты жағдайды ұстап тұруға тиісті жағдайға келді деп есептеймін. Соңғы жылдары «Талибан» қозғалысының күшейіп кеткені белгілі, бұның себебін де басқыншылықтан көруге болады. Соның салдарынан діни күштер ұлттық күштерге айналып, олардың өздері Отанын қорғайтындықтарын да мәлімдеген болатын. Ал НАТО қалай әскерін әкетеді, сол сәттен бұл сипат та жоғалады, ауған елі өз Отанын өздері қорғай алатын дәрежеге жетеді», - деді ол.