Иран Бахрейндегі АҚШ әскери базасына шабуыл жасалғанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) Бахрейндегі әскери база аумағында орналасқан америкалық радиолокациялық станцияға алты дронмен шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, Ормуз бұғазының оңтүстігінде екі танкер теңіз миналарына соғылып, жарылғаннан кейін өртенген.
— АҚШ армиясының ашық агрессиясына берілген шешуші әрі жойқын жауаптың екінші кезеңінде Корпустың Әуе-ғарыш күштерінің алты дроны Бахрейндегі Эр-Риффа тікұшақ базасында орналасқан америкалық әуе қорғанысы жүйесінің радиолокациялық станциясына шабуыл жасады, — делінген КСИР мәлімдемесінде.
Бұған дейін Ормуз бұғазында мұнай танкері теңіз минасына соғылып, өртенгені хабарланған болатын.