Иран дельфиндерді әскери мақсатта қолдануды қарастыруда

АСТАНА. KAZINFORM – Иран билігі дельфиндерді әскери мақсатта қолдану мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды BILD.

в
Фото: BILD

The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, Тегеран теңіз жануарларын жарылғыш құрылғылармен жабдықтап, оларды Ормуз бұғазында әскери нысандарға қарсы пайдалануы мүмкін деген болжам айтылған. Сонымен қатар Иран бұған дейін суасты қайықтарын қолдану және байланыс үшін маңызды теңіз астындағы кабельдерге зақым келтіру ықтималдығы туралы да ескерткен.

Сарапшылардың пікірінше, дельфиндерді әскери мақсатта пайдалану идеясы бұрын да болған. Әртүрлі елдердің әскери құрылымдары ондаған жыл бойы бұл жануарларды суасты операцияларында қолданған. Дельфиндер эхолокация қабілетінің жоғары болуының арқасында миналарды анықтау, барлау жүргізу және порттарды қорғау сияқты міндеттерді тиімді орындай алады.

Ашық деректерге сәйкес, АҚШ пен Ресейде дельфиндерді әскери даярлау бағдарламалары бар. Бұл бағдарламалар аясында жануарлар миналарды іздеу, суасты диверсанттарын анықтау және арнайы белгі қою арқылы олардың орнын көрсетуге үйретіледі.

Тарихи деректерге қарағанда, 2003 жылы Ирактағы соғыс кезінде АҚШ әскері дельфиндерді теңіз миналарын табу үшін пайдаланған. Кейінгі жылдары да мұндай тәжірибелер туралы мәліметтер жарияланып келеді.

Сарапшылар мұндай ақпараттардың бір бөлігі нақты расталмағанын және оларды абайлап бағалау қажет екенін атап өтеді.

Айта кетейік, Иранның жоғарғы көшбасшысы Тегеранның ядролық және зымыран бағдарламаларынан бас тартпайтынын мәлімдеді.