Иран ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін сұрады

 ЕАЭО
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін алуға Иранның мүдделілігі туралы нота ағымдағы жылғы 27 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) ұсынылды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Ағымдағы жылдың 10 маусымында Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) 2018 жылғы 14 мамырдағы № 8 шешімімен бекітілген ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттің мәртебесі туралы ережеге сәйкес өтінімді қарау алгоритмін келісу бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары өкілдерінің жиналысы өтті. 

Қазіргі уақытта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер осы мәртебені берудің экономикалық орындылығына талдау жүргізіп отыр. Талдау қорытындысы бойынша Иран өкілдерімен консультациялар өткізілетін болады.

«Байқаушы мемлекет мәртебесін берудің экономикалық орындылығы оң бағаланған жағдайда Иран ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекет мәртебесін беруді сұрап ЖЕЭК Төрағасының атына жазбаша өтініш жіберуі тиіс. Байқаушы мемлекет мәртебесін беру туралы шешімді ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары қабылдайды», — делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы тараптар ЕАЭО мен Иран арасында еркін сауда аймағын құруға алып келетін уақытша келісімге қол қойды.

Сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында 2023 жылғы 25 желтоқсанда «бестіктің» мемлекет басшылары ЕАЭО мен оған мүше мемлекеттер және Иран Ислам Республикасы арасында еркін сауда туралы толық форматты келісімге қол қойды.

«Келісім тараптар арасындағы өзара сауданың 95% астамын құрайтын тауар номенклатурасының шамамен 90% қатысты бажсыз сауда режимін қамтамасыз етеді. Қазақстанның Иранмен өзара саудасының әлеуеті зор. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы $302 млн. құрады», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

2023 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында тауар айналымын $3 млрд. дейін жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram