Иран елшісі Бендер-Аббас портында Қазақстан терминалын салу кешігіп жатқанына алаңдаушылық білдірді

Али Акбар Джоукар
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездесуде өз елінің аумағындағы Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салу жобасы кешігіп жатқанына алаңдаушылық білдірді.

Дипломат бұған дейін Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Иран Бендер Аббас портынан Қазақстанға сауда терминалын салу үшін 15 гектар жер телімін бөлгенін айтқан еді. 

Ол терминал арқылы Қазақстан экспортқа жіберетін тауарларын Африка елдері мен Шығыс Азияға, әсіресе, Үндістан мен Парсы шығанағындағы елдерге экспортты арттыра алатыны айтылған.

БАҚ өкілдерімен осы жолғы кездесуінде елші аталмыш жобаның әлі алға жылжымай жатқанын айтты.

«Өкінішке қарай, сөз жүзінде қалып тұр, ештеңе өзгерген жоқ. Бұл шара іске асқан жоқ. Қазақстандық әріптестер мүмкіндікті жіберіп алып жатыр. 

Қазақстан терминалына деп бөлінген жер телімін басқа мемлекет алғысы келетінін естігенмін. Бұл логистика Қазақстан басшысы Қ.Тоқаев мырза қуаттаған мәселенің бірі болатын. Егер іске аспаса, орынды адамдар жауап беретін шығар.

Бұған дейін де айтқанымдай, бұл порт Қазақстан үшін Таяу Шығыс пен Африкаға шығатын дәліз ретінде маңызды. Екі ел де көлік-логистикалық әлеуетті арттыруға мүдделі. Бірақ ол жүзеге аспай жатыр», - дейді Али Акбар Джоукар.

Айта кету керек, аталмыш портта Қазақстанның терминалын салу мәселесі сонау 2018 жылдан бері айтылып келеді. 

Соңғы жаңалықтар