Иран Елшісі: Мемлекеттік органдар екі ел президенттерінің тапсырмаларын орындауға шындап кірісуі қажет

Али Акбар Джоукар
Фото: Солтан Жексенбеков/ҚазАқпарат

28 қыркүйек – Халықаралық туризм күні. Сарапшылар бұл салада Каспийдің әлеуеті толық игерілмей жатқанын айтып жүр. ҚазАқпарат тілшісінің Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар мырзамен сұхбатында осы мәселе туралы да әңгіме өрбіді.

Каспиймен круиз жасайтын кеме шығаруға не кедергі?

 

- Елші мырза, сұхбатымызды екі елдің арасындағы алыс-берістен бастайықшы. Қазақстаннан Иранға ең көп экспортталатын 5 тауар мен Ираннан Қазақстанға ең көп импортталатын 5 тауарды атасаңыз.

- Аса қамқор Алланың атымен бастаймын. Иран мен Қазақстанның сауда-экономикалық байланыстары негізі жақсы. Бірақ, екі елдің бар әлеуеті мен мүмкіндіктеріне сай емес.

2022 жылы екі елдің тауар айналымы 528 млн доллар болды. Ал биылғы 7 айда 197 млн долларға жетті. Бұл көрсеткіш екі елде бар мүмкіндіктер мен әлеуеттерге сайкес келмейді. Мысалы, екі елдің халқының санын қосқанда 105 млн адам болады. Оның үстіне, арамызды Каспий теңізі жалғап жатыр. Сондықтан, осы бар мүмкіндіктерді қалай тиімді қолдану керектігін зерттеп, зерделеуіміз керек.

Қазақстаннан Иранға экспортталатын маңызды тауардың бірі – астық. Оның ішінде бидай, арпа жүгері, мал қорегі. Ал Ираннан Қазақстанға импортталатын маңызды тауардың негізгісі – мұнай-химия өнімдері. Соның ішінде пластик өндіретін шикізаттар бар. Сондай-ақ, жеміс-жидек, көкөніс, құрылыс материалдары мен химиялық жуғыш заттар көп әкелінеді.

- Өзіңіз де айтып отырсыз ғой, арамызды Каспий жалғап жатыр. Иран – қазақстандықтар үшін туризм тұрғысынан қызықты ел. Ирандық туристерге Қазақстанның қай өңірлері қызықты болуы мүмкін деп ойлайсыз?

- Сіз екі ел үшін де өте бір маңызды саланы меңзедіңіз. Бұл бағытта да бірге кеңесіп, ақылдасып атқаратын жұмыс өте көп. Былай айтайын, қазір Иран жағынан елдің туристерін Қазақстанға әкелу жөнінде жақсы жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, Маңғыстау облысына Иранның үш аймағынан тікелей әуе рейсі қатынайды. Оның біреуі Каспий жағалауындағы Мазандари аймағының орталығы Сари қаласынан келеді. Екіншісі Гүлстан провинциясының Горган қаласынан қатынайды. Ол да Каспий жағасындағы туристік аймақтың бірі саналады. Оның үстіне, кезінде қазақ жерінен көшіп барған қандастарыңыз тұрады. Сондықтан, қазақтар үшін бұл аймақ өте қызықты. Үшінші рейс Теһраннан Ақтауға бағытталған. Оны енді маусымдық деуге болады. Қазір ол рейсті тоқтату туралы шешім бар. Біз соны тоқтатпауға тырысып жатырмыз. Ирандық туристердің көбеюіне осы рейстер жақсы әсер етіп жатыр. Мұның бәрі Маңғыстау мен Иранның солтүстік аймақтарының байланысы.

Бізде Теһранмен Алматының арасында тікелей рейс бар. Енді ол ертеден келе жатыр. Бұған дейін екі араға жексенбі сайын бір рейс қатынайтын. Қазір тағы бір рейс ашылады. Ол сейсенбі күндері ұшпақ. Сондықтан Иран тарапы Қазақстанмен туристік байланыстарды кеңейтуге зор талпыныс жасап отыр. Өйткені, Қазақстан – алуан түрлі аймағы бар, алып ел. Бұл жерде мұсылман қауым тығыз шоғырланған және біздің мәдени ұқсастықтарымыз өте көп. Осы айтылғанға қарамастан, туризм саласында екі елдің атқаратын жұмысы жетерлік. Өйткені, бар мүмкіндіктерді ескерсек, барыс-келістің мөлшері өте аз. Әлі атқаратын шаруа шаш етектен деуге болады.

Ирандықтарға Алматы, Түркістан өңірі мен Шымкент, Ақтау қалалары қызықты. Астана да біздің туристер үшін тартымды.

Екі ел арасындағы туристік қарым-қатынастың әлсіз дамуына әсер етіп отырған факторлардың бірі – қазақстандық туристердің Иранды дұрыс танымауында болып тұр. Осы олқылықтың бір бөлігін өздеріңіз сияқты БАҚ-тың көмегімен толтырғымыз келеді.

Өткен аптада Ақтаудағы халықаралық туристік шараға бардым. Сол жерде ақпарат құралдарына берген сұхбатымда айттым, өңірдің азаматтары Ақтаудан Иранның солтүстігіндегі үш провинцияға сапар жасайтын болса, бір сағатта жетіп бара алады. Шаршап та үлгермейді. Осы үш аймақтың өзінде Иранның керемет жерлерін көріп, жақсы демала алады. Бір сапар аясында Иранның орманын да, теңізін де, тауын да, жазығын да көре алады.

- Осы тұста Каспийдің туризм бағытындағы әлеуеті туралы сөйлессек. Ресей тарапы Ақтау – Аваза – Амирабад – Баку – Махачкала бағытында круиз лайнерін шығаруды талайдан бері ұсынып келді. Тіпті, оның атын «Русь Великая» деп атамақшы. Қазақстандықтар Ресейге Каспий арқылы емес, құрлық арқылы да емін-еркін қатынай алады. Ал Иран осындай круиз лайнерін шығарып жатса, біздің халық үшін қызықты болар еді. Ондай жоба пайда болуы мүмкін бе?

- Көп уақыт бұрын осындай жоба болған. Жолаушы таситын кеме жүрген еді. Бірақ әрі қарай жалғаспады. Өйткені, екі елдің азаматтары бір-біріндегі туристік орындар туралы көп біле бермейтін. Менің ойымша, Каспий жағалауындағы 5 ел үшін теңіз туристік байланысты нығайтуға өте пайдалы. Өйткені, жағалаудағы аймақтарда, әсіресе Иран жағалауында халық тығыз қоныстанған. Каспийдің жағасындағы бес мемлекет те теңізге көбінесе энергетикалық қор ретінде қарап отыр. Одан мұнай, газ сияқты кен қорын алумен ғана шектеліп жатыр. Бес мемлекет те халықтардың өзара байланысына, туристердің барыс-келісіне мән берсе дұрыс болар еді. Бұл экономикалық байланыстың гүлденуіне жол ашады. Өйткені, қарапайым халықтың барыс-келісі артса, табиғи түрде кемелердің жүзуіне себеп пайда болады.

Иран
Фото: Солтан Жексенбеков/ҚазАқпарат

 

«Иран қазақтарының Қазақстанға келуіндегі кедергілер өз заңнамаларыңыздан туындап отыр»

 

- Иран Ислам Республикасының Елшісі ретінде қазақстандық туристерге еліңізге барғанда қандай жайттарды ескеруге кеңес бересіз? Мысалы, Араб елдеріне алдын ала зерттемей, дайындалмай барған туристердің шариғатқа байланысты шектеулер, сол шектеулермен байланысты қиындықтарға тап болуы ықтимал. Иранда бұл жағы қалай?

- Біздің елге Еуропа мен АҚШ-тан келетін турист көп. Олардың пікіріне зер салсаңыз, Иранға барғанына ризашылық білдіріп жатады. Жүздеген туристен өз құлағыммен сондай лебіздер естігенмін. Сондықтан, Қазақстан азаматтары Иранға сапар жасаса, әсіресе мұсылман қауымның өкілдері турист ретінде барса, сапар өте жақсы өтеді.

Шынын айту керек, біздің елде ішімдіктер жоқ. Содан кейін теңіз жағалауында ашық-шашық жүрмейді. Осыны ескерсе болды. Кез келген есі дұрыс адам ішімдіктің зиян екенін біледі деп ойлаймын. Оны жүрген жерінде іздемейді де. Жалпы, Иранда табиғи, тарихи нысандар көп. Шетелдік туристер сол нысандар үшін қаптап келеді. Қазақстандықтарға мынаны сенімді түрде айта аламын. Турист ретінде барсаңыздар, өте қолайлы демалыс болады. Өйткені, біздің мәдени, рухани ұқсастықтарымыз көп.

- Ал қазақстандық туристер үшін Иранның қай өңірлері қызықты болады деп ойлайсыз?

- Каспийдің туризм саласындағы әлеуетін дамытуда ақпарат құралдары маңызды рөл атқара алады. Туризмнің медициналық, экологиялық, мәдени-этнографиялық, тарихи деп келетін түрлі саласы бар ғой. Қазақстан мен Иранда осы салалардың әрқайсысын дамытуға зор мүмкіндік бар.

Мысалы, ғылыми туризмді алсақ, екі елдің ғылыми орталықтарының алыс-берісі мен барыс-келісі өте аз. Бізде медициналық туризм өте жақсы дамыған. Оны біздің аймақтағы көрші мемлекеттер өте жақсы пайдаланып отыр. Әйгілі орталықтарымыз Мешхед қаласында, Шираз бен Табризде, Теһранның өзінде бар. Қазақстанда да мүмкіндігі жоғары медициналық орталық баршылық екенін көріп жүрмін.

Тарихи туризмге келсек, Иран азаматтарына осындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне бару – ол да бір нығмет. Ал Алматы қаласы өзінің көркемдігімен тартымды.

Енді Иранның тарихи орындарына келсек, Шираз қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен өте көп турист саяхаттайды. Ал Қазақстанда ол бағыт аса танымал емес. Осы Ширазда әйгілі Абай ақын шабыт алып, өлеңіне қосқан Хафиз және Сағди шәйірлердің кесенелері бар.

Сондай-ақ, әлемдегі ең ірі тарихи алаңдардың бірі Исфахан қаласында орналасқан Нахше Жаһан алаңын көруге болады. Сол Исфахан қаласына, сол Нахше Жаһар алаңына барсаңыздар, айналасында әлемге әйгілі қолөнер бұйымдары мен Иранның тәттілері бар. Соның бәрін америкалық, еуропалық, қиыр шығыстық туристер жақсы біледі. Бірақ Қазақстан туристері, өкінішке қарай, білмейді.

Әлемдегі ең ұзын сулы үңгір Иранда екенін осы күнге дейін білдіңіз бе? Хамадан қаласынан ары Алисадр деген үңгірге барсаңыз, таудың астындағы көлде бірнеше шақырым қайықпен жүре аласыз.

Мен Маңғыстауда болғанда ондағы халықтың әулиелерге құрметпен қарайтынын көрдім. Маңғыстау аймағында 362 әулие жатыр деп естідім. Мешхед қаласына барсаңыздар, онда да діни әулиелердің жатқан жері бар. Ал Теһранның ғажайып жерлері өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан бірлесіп отырып, екі ел азаматтарының барыс-келісін жеңілдетуге атсалысуымыз керек. Менің баса айтатыным, екі жақ та бірдей жұмыс істеу керек. Өйткені, біздің елде туристердің көбі Түркия мен Шығыс Азиядағы ірі-ірі орталықтарға барады. Ал Орталық Азияда көбінесе Өзбекстан мен Тәжікстанға жиі қатынайды.

- Бір сөзіңізде Ирандағы қандастар туралы айтып қалдыңыз. Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Қазақстанға келу үшін виза рәсімдей алмай жүрген қандастардың видеосы тарады. Айтуларынша, бұрын мұндағы туыстарында айлап, жылдап жатып, аунап-қунап кетіп жүрген. Кейінгі кезде мұндай мүмкіндік тыйылған көрінеді. Осы жайттан хабарыңыз бар ма? Олар ұлты қазақ дегенмен, сіздің елдің азаматтары ғой. Мәселесін шешіп беру үшін қандай да бір әрекет жасап жатырсыздар ма? Елшілік тарапынан бұл мәселеге араласа аласыз ба?

- Менің білуімше, бұл мәселенің түбі Қазақстанның заңдары мен ережелерінде жатыр. Бұл жағдайда Иранның заңдары өте жеңілдеу. Мен білсем, бұл азаматтардың Қазақстанға қысқа мерзімге келіп-кетуіне ешқандай шектеу, тыйым жоқ. Қазақстанға түбегейлі көшіп келгісі келетін адамдар осы елдің заңдары бойынша кішкене түйткілдерге тап болып жатқан болуы керек. Бұл саладағы Иранның заңдары сондағы қазақтарға жеңіл. Өзіңіз білесіз, былтыр Қазақстан Республикасының Президенті, құрметті Қ. Тоқаев мырзаның ресми сапары кезінде 14 күндік визаны алып тастау туралы келісімге қол қойылған. Енді екі мемлекет 14 күндік визасыз режимді бір айға созу бағытында жұмыс істеп жатырмыз.

- Ол келісімнің ратификациялану мерзімі белгілі ме?

- Бұл жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Екі тараптың да пікірі бір жерден шығып тұр деп айтуға болады. Әрі кетсе бір жыл қажет деп ойлаймыз. Қазақстан тарапы түсіну керек, 14 күндік визасыз режим 30 күнге созылса, одан ешқандай қиындық туындамайды. Бұл жолаушылар мен келіп-кететін адамдарға өте ыңғайлы болғалы тұр.

Иран
Фото: Солтан Жексенбеков/ҚазАқпарат

 

«Тоқаевтың тапсырмалары тиісті деңгейде орындалмай жатыр»

 

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға жасаған сапарын айтып жатырсыз ғой. Өткенде Нью-Йоркте де екі елдің басшылары кездесті. Жалпы, біздің Президент «Түрікменстан - Қазақстан - Иран бағытындағы теміржолдың әлеуетін ұтымды пайдалану керек» деген мәселені өте көп айтады. Орталық Азияның жиындарында да, Иран тарапымен өткен келіссөздер де қалдырмай айтып жүр. Ресми Теһран осы бағытта қандай жобалар ұсына алады?

- Бұл мәселені бастамас бұрын мен Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев мырзаның халықаралық байланыстарға, әсіресе көрші елдермен қарым-қатынастарға өте салиқалы, байыпты мән беріп отырғаны бізді қуантатынын айтқым келеді. Сондықтан, сізден мына мәселенің астын сызып атап өтуіңізді сұраймын. Біздің мемлекет басшылары алға қойып отырған мақсаттар, әсіресе Қ. Тоқаев мырзаның көтеріп отырған бастамалары тиісті деңгейде іске асып жатқан жоқ. Иранның да, Қазақстанның да мемлекеттік органдары екі ел басшыларының тапсырмаларын тиісті деңгейде орындамаса, байланыстың артуы қиын. Өйткені, болашаққа қойып отырған бағдарламалар өте тиімді.

Тасымал мен транзитке келсек, екі елдің де әлеуеті зор. Тасжол мен теміржолдан бөлек, су арқылы да, әуе арқылы да байланысқа кедергі жоқ. Қазақстанның экономикасы қарқынды түрде дамып келе жатыр. Болашаққа қойған мақсаттары өте көп. Қазақстан әлемдік нарықтарға шығуды көздеп отырғанын жақсы білеміз. Әсіресе, Африка елдері болсын, Шығыс Азия елдері болсын, тіпті Латын Америкасының нарықтарына шыққысы келеді. Осы нарықтарға шығудың ең жақын әрі арзан бағыты Иран болып тұр.

Нақты теміржол саласына келсек, мұнда да әлеуетті арттыру керек. Иран тарапы өзінің теміржолын Парсы шығанағына дейін жеткізген. Айта кету керек, теміржол саласында Қазақстанмен екіжақты форматта да, Түрікменстан арқылы үшжақты форматта да жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Иран - Қазақстан - Қытай бағытының да әлеуеті зор. Сондай-ақ, біз төртжақты форматта Иран - Түркіменстан - Қазақстан - Ресей бағытында байланысты нығайтып жатырмыз. Сонда екі арадағы теміржол байланысы 4 форматта дамып жатыр.

- Президент Қ. Тоқаев Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салу мәселесін көтерді. Сол нысан туралы толығырақ айта кетсеңіз, терминал Қазақстанға несімен тиімді бола алады?

- Мен бағана айттым, Қазақстан үшін әлемдік нарықтарға, мұхитқа шығатын ең жақын жол – Иран. Осы тұрғыдан алғанда Парсы шығанағының, оның ішінде Бендер-Аббас портының маңызы ерекше.Қазақстан Президентінің былтырғы сапары аясында екі жақ осы портта Қазақстанның терминалын салу үшін 15 гектар жер телімін бөлуге келіскен. Ол терминал арқылы Қазақстан экспортқа жіберетін тауарларын Африка елдеріне, Шығыс Азияға және басқа да елдерге жөнелте алады. Әсіресе, Үндістанға, Парсы шығанағындағы елдерге экспортты арттыра алады.

Бұл мәселені екі Президент Нью-Йоркте де айтты. Бірақ, Қазақстан тарапынан осы терминалды қашан іске қосып, пайдалана бастайтыны туралы әлі жауап ала алмай отырмыз. Екі ел басшыларының саяси жігері мен тапсырмаларын тиісті деңгейде орындай алмай отырмыз дедім ғой. Соның бір фактісі осы терминал деуге болады. Бүгінге дейін Қазақстанның мемлекеттік органдары да, квазимемлекеттік органдары да Президенттеріңіздің осы тапсырмасына байланысты тиісті шешім қабылдаған жоқ.

«Каспийді құтқаратын кезеңді өткізіп алдық»

 

- Кейінгі кезде экологтер Каспийдің тартылуы мәселесін көп көтеріп жүр. Иран көршілеріне осы проблеманы бірлесіп шешудің қандай жолын ұсына алады? Жалпы, Иран тарапының пайымы бойынша Каспийдің таяз бола бастауының басты себебі не? Ресми мойындалған мәліметтер бар ма?

- Каспий жағалауындағы бес елдің назардан тыс қалдырған мәселелердің бірі – теңіздің экологиясы. Каспийдің таяздануынан бөлек суының ластануы бар. Одан кейін теңізде тіршілік ететін балық түрлері азайып бара жатқанына куә болып отырмыз. Сондықтан, Каспий жағасындағы мемлекеттер тек энергетика, мұнай-газ саласына басымдық бере бермей, экологияға да мән беруі керек еді. Тиісті шаралар қолдану қажет. Өйткені, бұл – біздің болашақ ұрпаққа қалдыратын ортақ байлығымыз.

Бірақ, менің ойымша, жағалаулас елдердің саясатында әлі күнге дейін Каспийдің экологиясы басым мәселе ретінде қарастырылып жүрген жоқ. 5 мемлекет те Каспий түбіне дейін таязданып, балықтары құрып біткенін күтіп отырған сияқты. Өйткені, қазірдің өзінде шара қолдануға кеш болып отыр.

- Қазақстан мұнай экспорттаушы ел болғанына қарамастан, егін науқаны кезінде жанармай тапшылығы туындап жататынын БАҚ-тан біліп отырған шығарсыз. Кейінгі уақытта газ тапшылығын сезіне бастадық. Иран жылдар бойы санкциялардың құрсауында болса да, мұнай өңдеу саласын бізге қарағанда жақсы дамытқан. Осы тұрғыдан Қазақстанға қандай тәжірибелер ұсына аласыздар? Мұнайды жаратып игеру жолындағы кедергілерді қалай еңсерген едіңіздер?

- Осындайда бағана айтқан сөзімді қайталауға тура келеді. Біз екі ел Президенттері қойған тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамай отырмыз деуімнің бір дәлелі – осы мұнай-газ саласы. Шынымен де екі ел мұнай-газ өңдеу саласында байланыстарды нығайта алады. Еліміз АҚШ тарапынан біз заңсыз деп білетін санкцияларға тап болып отыр. Осындай санкция кедергілері болмағанда екі елдің тауар айналымы қазірдің өзінде 2 млрд доллардан асып кетер еді. Бұл салада Иран тарапы Қазақстанмен әріптестікке, саладағы бүкіл тәжірибесін ұсынуға толық дайын. Осы саладағы ынтымақты нығайта алсақ, арадағы тауар айналымы күрт өседі.

«Биыл өзімізде де астық мол шықты»

 

- Қазақстанның, кейбір көрші елдердің ақпарат құралдарында Қазақстаннан Иранға экспортталатын астық көлемі жыл сайын өзгеретіні, яғни Теһранның бұл бағыттағы саясаты құбылмалы екені жиі айтылып жатады. Сіздіңше мұндай тұжырым шындыққа жанаса ма? Иран алдағы 5 жылда Қазақстаннан қанша астық, оның ішінде бидай мен ұн алуы мүмкін? Нақты бір көлем, жоспар бар ма?

- Енді біздің елдің сырттан астық сатып алу саясаты өзіміздегі астық шығымына байланысты өзгеріп тұратын сияқты. Биыл, Құдайға шүкір, өзімізде астық жинау өте жақсы деңгейде болды. Қателеспесем, 11 млн тонна дақыл алдық. Бірақ ол өзімізге қажетті көлемді жаба алмайды, яғни қажеттіліктің бір бөлігін сырттан әкелеміз. Иранда астықты тұтыну басқа елдерге қарағанда өте жоғары. Барсаңыз көресіз, әр 50-100 метр сайын бір наубайхана тұрады.

Айтайын дегенім, Қазақстаннан біз сатып алатын астықтың көлемі өзіміздегі егін шығымына және нарықтағы бағаларға байланысты. Жалпы бізге Қазақстаннан астық импорттау өте тиімді. Бәрі баға мен келісім шарттарына байланысты.

Иранға бидайдан басқа да астық түрлері қажет. Арпа, жүгері, құс жемі. Оның сыртында бізде етке сұраныс жоғары. Еттің көбін Латын Америкасы сияқты алыс аймақтардан әкелеміз. Соны неге іргеде тұрған Қазақстаннан алмасқа?

- Сонда Иран сырттан жылына қандай көлемде ет экспорттап отыр? Бұл біздегі мал өсірушілерге қажет ақпарат деп ойлаймын.

- Нақты көлемін дәл қазір айта алмаймын. Бірақ қажетті еттің басым бөлігі импортталады. Ет өндіретіндерге керек десеңіз айтайын, Қазақстанда өндірілетін ет баға жағынан бәсекеге сай, басқа елдермен жарыса алатындай деңгейде болу керек. Біз Орталық Азиядағы Қырғызстан сияқты елдерден де ет сатып аламыз. Еттің халал стандартпен әзірленуі міндетті екені айтпаса да түсінікті шығар.

- Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рахмет! Екі елдің байланысы әрі қарай да дами берсін!

Соңғы жаңалықтар