Иран ешқашан бас имейді – аятолла Хаменеи

АСТАНА. KAZINFORM — Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи телеүндеуінде Израиль мен өңірдегі америкалық базаға жасалған соққыларды өзін-өзі қорғау әрекеті деп бағалап, АҚШ-тың берілу туралы үндеуін қатаң айыптады.

р
Фото: Khamenei.ir

Бейсенбі күні телеарна арқылы жасаған мәлімдемесінде аятолла Хаменеи Иран Израиль мен АҚШ-қа ауыр соққы беріп, сыртқы агрессияға қарсы тұра алатынын дәлелдегенін айтты.

— Ислам Республикасының соққылары салдарынан Израиль есеңгіреп қалды. Иранның қорғаныс шебін бұзып, әскери және азаматтық нысандарға соққы бере алатынын олар не елестете алған жоқ, не есептей алған жоқ. Бұл – қарулы күштеріміздің ерлігі мен оларды қолдаған халқымыздың арқасы, — деді Хаменеи.

Ол сондай-ақ АҚШ-тың әрекетін нәтижесіз деп бағалады. Оның айтуынша, Вашингтон Израильдің күйреуіне жол бермеу үшін жанжалға араласқанымен, нақты мақсаттарға жете алмаған.

Иран басшысы Қатардағы америкалық «Әл-Удейд» әскери базасына жасалған соққыны ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл – АҚШ-қа берілген нақты жауап болды.

— Республика АҚШ-тың аймақтағы негізгі базаларының бірін – «Әл-Удейдті» нысанаға алып, ауыр соққы жасады. Бұған дейін өз соққыларының ауқымын әсірелегендер енді біздің жауабымыздың маңызын төмендетуге тырысып жатыр. Бірақ Иран қажет болса, өңірдегі АҚШ-тың стратегиялық нысандарына соққы бере алатынын көрсетті. Егер агрессия қайталанса, оның құны қымбатқа түседі, — деді ол.

Хаменеи өз сөзінде ел ішіндегі бірлікті де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, 90 миллион халық армияны бір ауыздан қолдады, бұл – ұлттық кемелдік пен саяси сауаттылық белгісі.

Сондай-ақ, ол АҚШ-тың ұстанымын қатаң сынға алды. Хаменеи Вашингтонның шынайы мақсаты – ядролық бағдарлама емес, Иранды толық бағындыру екенін айтты.

— АҚШ президенті «Иран берілуі тиіс» деді. Бұл - ядролық сала туралы емес, тікелей берілу туралы талап. Мыңжылдық тарихы мен мәдениеті бар ұлтқа мұндай сөз айту – қорлау. Бұрынғы әкімшіліктер бұл мақсатты демократия, адам құқықтары, әйелдер немесе технология сынды желеулермен бүркемелесе, қазір барлығы ашық айтылып отыр, — деді ол.

Хаменеи Иран халқы АҚШ-пен қақтығыстың түп-төркіні – Иранды тізе бүктіру талабында жатқанын түсінуі тиіс екенін айтып, бұл талаптың ешқашан орындалмайтынын кесіп айтты.

— Иран ешқашан бас имейді. Бұл ел – мықты, мәдениеті бай мемлекет. Мұндай елді бағындыру талабын қою – ақымақтық әрі орынсыз, — деді ол.

Сөзінің соңында Хаменеи қарулы күштерге алғыс айтып, қаза тапқан қолбасшылар мен ғалымдардың рухына тағзым етті. Сонымен бірге, ел болашағын «құдайдың қолдауы мен мейіріміне» тапсыратынын айтты.

Бұған дейін Иран Израиль агенті болуы мүмкін 700 адамды ұстағанын хабарлады.

 

Соңғы жаңалықтар