Иран Еуропаның 100 компаниясының импортына шектеу қойды

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Иран бұрынырақта Еуроодақ өзіне жасаған түрлі сауда-экономикалық шектеулер мен мұнай эмбаргосына жауап ретінде 100 ірі компанияның импортына шектеу қойды, деп жазады Лента.ру сайты.

Иран Еуропаның 100 компаниясының импортына шектеу қойды

Бұл туралы кеше елдің сауда-саттығын қолдау Ұйымы төрағасының орынбасары Сасан Ходаеи мәлім еткен. Иранға кіргізуге тыйым салынған тауарлардың ішінде сәндік бұйымдар да бар.

Сәл бұрын Иран Еуропаның Германия, Ұлыбритания, Франция, Испания және Грекия сияқты бірқатар елдеріне мұнай жіберуін тоқтатқан болатын. Ендігі кезекте Италия мен Еуроодақтың басқа да елдері тұр.

ЕО Иранға қатысты санкцияларын қаңтардың соңына қарай жария еткен еді. АҚШ пен ЕО Иранның ядролық қаруды дамытуын доғаруды талап етіп, сылтауратуда. Алайда Иран ядролық қару жасап жатқандығын жоққа шығарады. Батыс елдері әзірге Иранға қатысты санкцияларға Азия елдерінің де қосылуын қанша қаласа да, қол жеткізе алмай отыр.

Сөйте тұра, мұнайға салынған эмбарго еуропалықтардың өздерін тұралатып кетуі әбден мүмкін. Сауд Арабиясы Батысқа мұнай жеткізуде Иранды алмастырамыз дегенімен, санкцияның кесірінен бүкіл әлем бойынша биржалардағы мұнай бағасы шарықтап кетті.