Иран газы Еуропаға Ирак пен Сирия арқылы тасымалданбақ

АСТАНА. 26 шілде. ҚазАқпарат - Салынған санкцияларға байланысты мұнай мен газ саудасында біраз қиыншылықтарға кездесіп отырған Иран кеше, 25 шілдеде көрші Ирак және Сирия арқылы газ транзиттеу туралы келісімге қол қойды.

Иран  газы   Еуропаға   Ирак пен Сирия арқылы тасымалданбақ

Иранның Оңтүстік Парсы кенішінде өндірілетін «көгілдір отын» болашақта Ливан арқылы Еуропаға жеткізілетін болады, деп хабарлайды РБК агенттігі Press TV телеарнасына сілтеме жасап.

Жаңа газ құбырының өткізу мүмкіндігі 110 миллион текше метрді құрайтын болады, ал оны алдағы 3-5 жылда салып бітіру жоспарлануда.

10 миллиард долларға бағаланып отырған газ келісіміне аталған үш араб елінің мұнай министрлері қол қойды. Ұзындығы 5 мың шақырымдық газ құбыры Ираннан Грекияға дейін тартылатын болады. Оған қоса, «көгілдір отынның» бір бөлігі транзиттеуші елдерге жеткізіледі: Иран 2020 жылға дейін 10-15 миллион текше метр газға сұраныс білдірсе, Ливан - 5-7 миллион текше метр, Сирия 15-20 миллион текше метр отынға сұраныс білдіріп отыр.

Иранның Мұнай министрлігінің өкілдері Иранның қазірдің өзінде тәулігіне 600 миллион текше метрге дейін газ өндіруге қабілетті екенін мәлім етуде. Иран - табиғи газдың қоры бойынша әлемде Ресейден кейінгі екінші орында. Әлемдік газ қорының 15 пайызы мен мұнай қорының 10 пайызы Иранның үлесіне тиесілі. Оған қоса, Иран - ОПЕК-те Сауд Арабиясынан кейінгі екінші мұнай жеткізуші ел. Ядролық бағдарламасына қатысты елге салынып отырған халықаралық санкцияларға қарамастан, Иран Ислам Республикасы 2015 жылға дейін мұнай экспортын тәулігіне 5,3 миллион баррельге жеткізбек, қазіргі көрсеткіш - 4,2 миллион баррель.