Иран Израиль соққысынан жоғары әскери қолбасшылары мен жетекші ғалымдары қаза тапқанын растады

АСТАНА. KAZINFORM - Иран билігі Израильдің Тегеранға және елдің басқа аймақтарына түнде жасаған соққыларынан бірқатар негізгі әскери және азаматтық қызметкерлердің қаза тапқанын ресми түрде растады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Иран подтвердил гибель
Фото: IRNA

Қаза тапқандар арасында Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы генерал-майор Мохаммад Багери, Ислам революциясы Сақшылар корпусының қолбасшысы генерал-майор Хосейн Салами және Хатам әл-Анбия штабының қолбасшысы генерал-майор Голямали Рашид бар. Олардың жекелеген әуе шабуылдары кезінде қаза тапқанын IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі растады.

Сондай-ақ қаза тапқандар арасында екі көрнекті ирандық ядролық ғалым: Ислам Азад университетінің президенті Мохаммад-Мехди Техранчи және Иран Атом энергиясы ұйымының бұрынғы басшысы Ферейдун Аббаси бар. Олар Тегеранның тұрғын аудандарына бағытталған соққылардан қаза тапқаны хабарланды.

Иранның мемлекеттік телеарнасы шабуылда рухани көсем Аятолла Әли Хаменеидің кеңесшісі Әли Шамханидің де жараланғанын хабарлады.

— Бүгінгі сионистік режимнің шабуылынан жоғары мәртебелі жетекшінің кеңесшісі Әли Шамхани жараланды, - делінген мәлімдемеде.

Израиль жұмаға қараған түні Тегеран мен басқа қалалардағы нысандарды соққыға жыққан жаппай шабуылдар сериясын жасады.

IRNA хабарлағандай, нысаналардың қатарында тұрғын аудандар да болды. Мемлекеттік телеарна тілшілері үйінділер арасынан әйелдер мен балалардың мүрдесі табылғанын хабарлады.

— Қолбасшылық пен ғалымдардың қазасы Иран әскері де, халқы да кешірмейтін шығын. Мұның салдарын Израиль көтереді, — деді Иран қауіпсіздік күштері.

Иран үкіметінің ресми өкілі бұл елдің соққыларды тікелей басқыншылық әрекеті деп санайтынын және оған «жан-жақты және пропорционалды емес» жауап әзірлеп жатқанын атап өтті. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері толық дайындықта, елде ұлттық аза тұту жарияланды.

Халықаралық ұйымдар мен бірқатар мемлекеттер сабырға шақырды. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш шиеленісті дереу тоқтатуға және ауқымды аймақтық қақтығысты болдырмауға шақырды.

Айта кетейік, жұма күні түнде Израиль Иран аумағына жаппай соққы берді. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге қарай жүзден астам дрон ұшырды.

Сондай-ақ, Израильдің Иранға соққы беруінен кейін мұнай бағасы күрт көтерілді.

Соңғы жаңалықтар