Иран Израильмен қақтығыс кезінде 21 мың адам ұсталғанын хабарлады
АСТАНА.KAZINFORM — Иран маусым айындағы Израильмен қақтығыс кезіндегі жаппай тұтқындаулар туралы алғашқы есебін жариялады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Маусым айында Израильмен болған 12 күндік қақтығыс кезінде Иран полициясы 21 мыңнан астам адамды, оның ішінде тыңшылық жасады, заңсыз түсірілім жасады және иммиграциялық заңнаманы бұзды деген күдікпен ұстаған. Бұл туралы ирандық БАҚ хабарлады.
Иран полициясының баспасөз хатшысы Саид Монтазералмахди тұтқындаулар Израильдің ел аумағына әуе шабуылдары басталғаннан кейін енгізілген күшейтілген ішкі қауіпсіздік шараларының бір бөлігі екенін айтты.
— 12 күнге созылған қақтығыс кезінде 21 мың күдіктінің ұсталуы халықтың хабардарлығы мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуының жоғары деңгейін көрсетеді, — деді ол.
Күдікті тұлғалар туралы ақпаратты тұрғындар берген.
Полицияның мәліметінше, ұсталғандардың 260-тан астамы тыңшылық жасады, 172-сі рұқсатсыз түсірілім жасады, 2774-і елде заңсыз жүрді деген күдікке ілінген.
Қақтығыс кезінде 1000-нан астам қосымша бақылау бекеттері орналастырылды. Құқық қорғау органдары сондай-ақ ұсталғандардың мобильді құрылғыларын тексеру кезінде қауіпсіздікке қауіп төндіретін 30 ерекше жағдай анықталғанын хабарлады.
Полиция өкілі бұл деректер қақтығыс кезіндегі жаппай ұстау нәтижелерінің алғашқы ресми қорытындысы екенін атап өтті.
Бұған дейін Иранның сот жүйесінің басшысы Голамхоссейн Мохсени Эджеи дәл осы күні 2 мыңға жуық адам тұтқынға алынғанын хабарлап, оның маңызды бөлігі кейін қылмыстың дәлелі болмағандықтан босатылғанын атап көрсетті.
Айта кетелік Иран мен Әзербайжан ортақ шекаралық жобаларды жүзеге асыруды жеделдетпек.