Иран кәсіпкерлері Маңғыстауда мал бордақылауға дайын

Маңғыстауда мал бордақылауға дайын
Фото: Маңғыстау облысының мәслихаты

САРИ. KAZINFORM - Иран Ислам Республикасына іссапармен барған маңғыстаулық делегация Мазандаран провинциясындағы ауыл шаруашылығы өнімдері және балық шаруашылықтарының жұмысымен танысты. 

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарып отырған ірі кәсіпорында болды. 

- Компания тәжірибесімен таныстық. Екі ел арасында байланыс орната алатын мүмкіндіктерді талқыладық. Кәсіпкерлері біздің облысқа инвестиция салып, мал бордақылау жұмысын жүзеге асыруға дайын. Осы жұмыс бағытын жандандырып, қарым-қатынасты күшейтеміз, - дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов. 

Балық шаруашылығы
Фото: Маңғыстау облысының мәслихаты

Мазандаран провинциясында балық шаруашылығы да жақсы дамыған. Бекіре тұқымдас балықтар өнімін Қытай мен Араб елдеріне экспорттайды.

- Біз әр түрлі ауылшаруашылық өнімдерін ТМД, Араб елдері мен Индия, Қытайға экспорттаймыз. Қазақстанға азық-түлік өнімдерін, соның ішінде теңіз өнімдерін, көкөністерді жеткізгіміз келеді. Барлығын қорапқа салып, реттеп, экспорттауға дайындаймыз. Оны тасымалдаудың бірнеше жолдары да бар, Каспий теңізі арқылы немесе Түрікместан арқылы жеткізудің жолдарын қарастырып жатырмыз, - дейді кәсіпкер Халиль Гулизаде.

Компания Маңғыстау облысына ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді бағамен жеткізуге ұсыныс білдірді. Айта кетсек, Құрық теңіз порты арқылы жеткізуге мүмкіндік бар.

Соңғы жаңалықтар