Иран Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбалар көшірмесін ала келді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде әл-Фараби тарихи-мәдени кешені салынады. Бұл туралы Ақордада Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианмен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Мәдени-гуманитарлық байланыстың да мән-маңызы зор. Иранның мұрағаттарында Қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар бүгін Иран делегациясы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар құнды, ескі қолжазбаның көшірмесін ала келді. Сол үшін сізге зор ризашылығымды білдіремін. Бұл қадам қос халықтың тарихи байланысының терең екенін дәлелдей түседі, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алғанын жазған едік.
Қазіргі уақытта тараптар жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіп жатыр. Оның барысында сауда-экономикалық, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-иран ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланбақ.
Бұған дейін Kazimform-ның аналиткалық шолушысы Астана мен Тегеран арасындағы келіссөздің астарына үңіліп көрген еді.