Иран көрші елдердегі әуежайлардың жұмысын тоқтататынын айтып, сес көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Иранның авиация саласына қарсы санкцияларды күшейткен соң, кейбір халықаралық рейстер тоқтатылған. Бұл Тегеранның ашуын тудырып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран пригрозил остановить работу аэропортов соседних стран
Фото: IRNA

23 қыркүйекте Иранның Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи көршілес елдер АҚШ санкциялары аясында Иранның рейстерін қабылдаудан бас тартса, олардың әуежайларының жұмысына кедергі келтіретінін айтып, сес көрсетті. Резаи IRINN мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында осындай мәлімдеме жасаған.

— Егер Құрама Штаттарды жақтасаңыздар, біз жай қарап отырмаймыз. Егер көрші елдер АҚШ-қа қосылып, Иран рейстерін тоқтатса, олардың әуежайлары да жабылады, — деді Резаи.

Ол Тегеран нақты нені жоспарлап отырғанын немесе ескерту қай елдерге қатысты екенін ашып айтпады.

Бұл мәлімдеме АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Иран авиациясына қарсы санкциялардың кеңейтілгенін жариялағаннан кейін жасалып отыр. Бессент шетелдік әуежайлар және қызмет көрсету компанияларына Иранның ұшақтарына жанармай құюға, қызмет көрсетуге немесе рейстеріне билеттер сатуға тыйым салынғанын мәлімдеді, ал тыйымды бұзғандар қайталама санкцияларға ұрынып, доллар жүйесінен қол үзіп қалатынын ескертті.

Шектеулер күшіне енгеннен кейін Тегераннан Бағдат пен Маскатқа ұшатын рейстер тоқтатылды. Иранның авиация билігі Ирак астанасына баратын рейстерді ән-Наджаф әуежайынан ұшыру жөнінде келіссөздер бастады.

Дегенмен, кейбір халықаралық бағыт тоқтаған жоқ. Ирандық тасымалдаушылар Қытайға, Түркияға, Арменияға және БАӘ-ге таңдалған рейсті ұшырып отыр.

Резаи Иран Вашингтонмен келіссөздерді қайта бастамайтынын және Тегеранның шарттары орындалмайынша, Ормуз бұғазын ашпайтынын мәлімдеді.

— Біздің шарттарымыз орындалмайынша, Ормуз бұғазы ашылмайды және келіссөздер жүргізілмейді, — деді ол.

Бұған дейін Иран соғыс қимылдарын тоқтатуды, порттарын қоршауды және елге қарсы шектеулерді алып тастауды және шетелдегі Иранның мұздатылған активтерін бұғаттауды алып тастауды талап еткен болатын.

Еске салайық, Иран мен Америка Құрама Штаттары сейсенбі күні БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында келіссөздер жүргізді.