Иран мен АҚШ ядролық бағдарлама бойынша Оман астанасында келіссөзді бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Келіссөздер өңірлік шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлайды. 

Иран мен АҚШ ядролық бағдарлама бойынша Оман астанасында келіссөзді бастады
Фото: x.com/ @araghchi

12 сәуір күні Оманның астанасы Маскат қаласында Иран Ислам Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының өкілдері арасында келіссөз басталды. Тараптар Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелерді талқылауда. Аталған кездесу өңірдегі шиеленістің өрши түсуімен байланысты өтіп жатыр. 

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран делегациясы сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің басшылығымен таңертең Тегераннан Маскатқа ұшып шыққан. Маскатқа келгеннен кейін Арагчи Оман Сұлтанатының жоғары лауазымды өкілдерімен кездесу өткізді.

— Иран делегациясы сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің жетекшілігімен Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің өтетін орны — Маскатқа жол тартты, - деп хабарлады IRNA агенттігі.

Tasnim агенттігінің мәліметінше, келіссөз жанама түрде өтеді және Оманның сыртқы істер министрі Бадр бин Хамад әл-Бусаиди арағайындық етеді. Консультацияның алғашқы кезеңі түстен кейін аталған министрмен басталмақ.

Келіссөзде АҚШ тарапынан президенттің Таяу Шығыс бойынша арнайы өкілі Стив Уиткофф қатысып жатыр. Вашингтон Иранның ядролық бағдарламасының әскери бағыттарынан бас тартуға кепілдік беруді талап етеді. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің айтуынша, АҚШ «дипломатияға дайын, алайда егер келісімге қол жеткізілмесе, қысым шараларды жоққа шығармайды».

Ал Иран өз кезегінде «нақты және ашық диалогқа дайын екенін» атап өтті. 

— Біз шынайы түрде және сергектікпен дипломатияға нақты мүмкіндік беріп отырмыз. АҚШ бұл шешімді бағалауы тиіс, өйткені шешім олардың қатаң риторикасына қарамастан қабылданды, - деді Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бағаи.

Оман дәстүрлі түрде Тегеран мен Вашингтон арасындағы бейтарап делдал рөлін атқарып келеді. Қазіргі келіссөз шиеленісті сейілтуге және ядролық, сондай-ақ өңірлік мәселелер бойынша кең ауқымды дипломатияны қайта бастауға ықтимал қадам ретінде қарастырылып отыр.

Сонымен қатар бұл консультациялар Таяу Шығыстағы дағдарыстың ушығуы жағдайында өтуде. Оған Газа секторында және Оңтүстік Ливанда жалғасып жатқан әскери қақтығыстар, сондай-ақ Иран мен Израиль арасындағы өзара қауіп-қатерге себеп. Осы орайда, Тегеран өңірдегі АҚШ базаларына қатысты «ауыр салдары» болатыны туралы ескерту жасады. 

Айта кетсек, келіссөзден бірер күн бұрын АҚШ Иранға қарсы жаңа санкциялар енгізген еді.  

Сондай-ақ Kazinform тілшісі «АҚШ пен Иран: жаңа стратегия жолы қайсы» тақырыбын жан-жақты талдап көрді. 

Соңғы жаңалықтар