Иран мен «алтылықтың» келісімі Таяу және Орта Шығыстағы жағдайды жақсартуға қосылған маңызды үлес - ШЫҰ
БЕЙЖІҢ. 27 қараша. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымы Иран мен "алтылықтың" келісімін Таяу және Орта Шығыстағы жағдайды жақсартуға қосылған маңызды үлес ретінде қарастырады. Бұл туралы ШЫҰ бас хатшысы Дмитрий Мезенцев мәлімдеді.
"Шанхай ынтымақтастық ұйымы 24 қарашада Женевада Иран ядролық бағдарламасы бойынша Ұлыбритания, Германия, Иран, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция сыртқы істер министрлері арасында қол жеткізілген уағдаластықты қолдайды. ШЫҰ бұл қадамды мүдделі мемлекеттер арасында сенім мен өзара түсіністік ахуалын нығайтуға, Таяу және Орта Шығыстағы жағдайды жақсартуға қосылған маңызды үлес ретінде қарастырады", - деп айтылған мәлімдемеде.
ШЫҰ - 2001 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан көшбасшылары құрған аймақтық халықаралық құрылым. Ұйымның бақылаушы елдері - Ауғанстан, Үндістан, Иран, Моңғолия және Пәкістан. Диалог бойынша әріптестері - Беларусь, Түркия және Шри-Ланка.