Иран мен Әзербайжан шекарада жаңа автокөпір ашты
Иран мен Әзербайжан екі елдің шығыс шекарасындағы жаңа бақылау-өткізу пункті қызметін атқаратын Астарачай өзені арқылы өтетін автомобиль көпірін ашты, деп хабарлайды Kazinform uza.uz-ге сілтеме жасап.
Иранның Жол және қала құрылысы министрлігінің хабарына қарағанда, ашылу салтанатына Иранның Жол және қала құрылысы министрі Мехрдад Базрпаш пен Әзербайжан премьер-министрінің орынбасары Шахин Мустафаев қатысқан.
Ұзындығы 89 метр және ені 30,6 метр болатын төрт жолақты көпір 5,8 миллион еуро (шамамен 6,4 миллион доллар) инвестициямен 22 айда салынған. Сондай-ақ көпірдің екі жағында ені 2,5 метр жабық жаяу жүргіншілер жолы бар.
Әзербайжан премьер-министрінің орынбасары өткен аптада ирандық министрмен телефон арқылы сөйлесуінде 2023 жылы екі ел арасындағы жүк теміржол тасымалының 47 пайызға артқанын мәлімдеген. 2022 жылмен салыстырғанда 700 мың тоннадан асқан.