Иран мен Израильден 300-ден астам қазақстандық жеткізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан Иран мен Израильде болған 300-ден астам азаматын елге қайтарғанын мәлім етті. 

Иран мен Израильден 300-ден астам қазақстандық жеткізілді
Фото: ҚР СІМ

— Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік органдардың және шетелдік серіктестердің қолдауымен Иран мен Израильден Қазақстан азаматтарын эвакуациялаудың кезекті кезеңін аяқтады. Жалпы, Ираннан 233 Қазақстан азаматы, ал Израильден 103 отандасымыз шығарылды, — деді Айбек Смадияров елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, министрлік пен елшіліктер өңірдегі жағдайды тәулік бойы бақылап, азаматтарға қажет консулдық қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр.

— Әлеуметтік желіде көптеген сұрақ болды. Біз бұл жағдайды әуежайларда көрдік. Мысалы, Доха әуежайына тоқталсақ, сол кезде Қатарда шамамен 45 мың турист шыға алмай қалды, яғни 2-3 күн бойы түсініксіз жағдай болды. Өйткені авиакомпаниялардың ұшақтары ұша алмады, әуе жолдары жабық болды. Соған қарамастан, тіркеуде тұрған 150 азаматымыз нағыз «шоу» көрсете білді. Олар «Үкімет қайда қарап отыр? Ұшақтар қайда, бізге неге жағдай жасамайды, бес жұлдызды қонақ үйлеріміз қайда?» деп біраз әбігерге салды. Бұл жағдайда адамдар әлемде не болып жатқанын түсінуі керек қой?! Ең бастысы, осы талаптардан бұрын елге аман-есен жету керек. Ал елге келгеннен кейін әуе компаниясына және туристік компанияларыңызға кез келген шағым түсіре аласыз. Сол өңірдегі ахуалды жақсы түсіну керек! Бірақ азаматтар біздің елшілікті өздерінің шағымдарымен үйіп тастады, — деді ресми өкіл.

Бір апта бұрын Қазақстан Иран мен Израильден 290-нан астам азаматын алдырғаны мәлім болды

Соңғы жаңалықтар