Иран Оңтүстік Парстағы бүлінген өндірістік қуаттың 50 пайызын қалпына келтірді
АСТАНА. KAZINFORM — Қыс маусымы қарсаңында Иран елдегі ең ірі газ кен орнының өндірістік инфрақұрылымын қалпына келтіруді жеделдетіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
22 қыркүйектегі жағдай бойынша Иран Оңтүстік Парс кен орнындағы бүлінген өндірістік қуаттардың шамамен 50 пайызын қалпына келтірді. Бұл туралы Fars агенттігі Мұнай министрінің жоспарлау мәселелері жөніндегі орынбасары Ахмад Зерааткарға сілтеме жасап хабарлады.
— Оңтүстік Парстың өндірістік қуаты зақымданғаннан кейін оларды қалпына келтіру бағдарламасы әзірленді. Бірқатар қондырғы жоспарланған мерзімнен бұрын қайта іске қосылды, — деді ол.
Iran restores half of damaged South Pars production capacity https://t.co/wnXSbc41Rm
— PressTV Extra (@PresstvExtra) September 23, 2026
Зерааткардың айтуынша, қалпына келтірілген нысандарда өндіріс қайта жанданып, қалыпты жұмысқа кіріскен. Ал өндірістік қуаттардың не себепті бүлінгені мен келтірілген залалдың жалпы көлемі әзірге нақтыланған жоқ.
Иранда қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыру үшін ішкі қаржы көздері есебінен төрт жоба әзірленді. Бұл қаражат бүлінген нысандарды қалпына келтіруге жұмсалады.
Министрдің орынбасары осы кезеңге жоспарланған жұмыстардың толық орындалғанын атап өтті. Қалған қалпына келтіру жұмыстары қыс маусымы басталғанға дейін толығымен аяқталмақ.
Зерааткар сондай-ақ энергетикалық жүйеге түсетін жүктемені азайту үшін тұрғындарды электр энергиясын ұқыпты әрі үнемді пайдалануға шақырды.
Оңтүстік Парс — Парсы шығанағында орналасқан, Иран мен Қатарға ортақ әлемдегі ең ірі табиғи газ кен орнының Иранға тиесілі бөлігі.
Бұл кен орны елдегі өндірілетін табиғи газдың едәуір бөлігін қамтамасыз етеді.
Тамыз айында Иран Оңтүстік Парс аймағынан табиғи газдың мол қорын анықтағанын хабарлаған едік.