Иран Ормуз бұғазы арқылы транзиттің жаңа ережелерін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM - Иранның Парсы шығанағы әкімшілігі 60 күндік кезеңге арналған жаңа транзиттік ережелерді жариялады, деп хабарлайды Еuronews.
Жаңа талаптарға сәйкес,Ормуз бұғазы арқылы өтуді жоспарлаған барлық кеме бұғаздан өтуден кемінде 48 сағат бұрын өтінім беруі тиіс.
Сонымен қатар осы 60 күн ішінде бұғаз арқылы өтетін кемелер «тарифтік алымдар» мен «ирандық сақтандыру жарналарын» төлеуден босатылады.
IMO деректеріне сәйкес, Парсы шығанағында әлі де 500-ден астам сауда кемесі мен шамамен 11 мың теңізші бөгеліп тұр. Жалпы алғанда, аймақтағы қақтығыстардан 20 мыңға жуық теңізші зардап шеккен.
Сонымен қатар АҚШ-тың Иранмен жедел келіссөздерді бастау әрекеті кедергіге тап болды.
Бұған дейін тараптар Тегеранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер жүргізуге және Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізу көлемін соғысқа дейінгі деңгейге қайтаруға мүмкіндік беретін екі айлық кезең туралы келісімге келген болатын.
Алайда ирандық ресми тұлғалар жоспарланғандай Щвейцария еліне барудан бас тартты.
Олар келіссөздердің басталуы үшін Иран қолдайтын Хезболла қозғалысына қарсы Израильдің Ливандағы соққысы тоқтатылуы қажет екенін мәлімдеді.
Аймақтағы жағдай әлі де тұрақсыз. Америкалық шенеунік пен өңірлік дереккөздердің мәліметінше, жұма күні Израиль мен «Хезболла» атысты тоқтату режимін қайта жандандыруға келіскен. Дегенмен бұл қадам АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерді қайта жандандыруға ықпал ете ме, әзірге белгісіз.
Израиль әскері бейсенбі күні Ливанның оңтүстігінде төрт сарбаздың қаза тапқанын, ал жұма күні жарылғыш тиелген дрон шабуылынан тағы бес әскери қызметкердің жараланғанын хабарлады. Израиль қорғаныс күштері түнде Ливанның оңтүстігіндегі нысандарға соққы беріп, олардың «Хезболла» содырлары мен ұйымның инфрақұрылымына бағытталғанын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл шабуылдар салдарынан кемінде 18 адам қаза тапқан.
Айта кетелік Иран Ормуз бұғазын барлық кемелер үшін жапқан еді.