Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Иран Ормуз бұғазын ашудың шартын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілі, бригада генералы Хосейн Мохебби Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы АҚШ Иранның талаптарын қабылдаған жағдайда қайта жанданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Anadolu.

ормуз
Фото: Анадолу

Иранның Tasnim ақпарат агенттігінің мәліметінше, Хосейн Мохебби бұл туралы Хормозган провинциясында Журналистер күніне арналған іс-шара барысында айтқан.

Оның сөзінше, Ормуз бұғазы Иран үшін тек экономикалық маңызы бар су жолы ғана емес, елдің географиялық және стратегиялық қуатының негізгі элементтерінің бірі саналады.

– Ормуз бұғазының жұмысын қайта бастау Иран белгілеген тетіктер мен шарттарға байланысты. Бұл Иран мен Оман арасындағы келіссөздерге қатысы жоқ, – деді Хосейн Мохебби.

Ол бұғаздың ашылуы АҚШ-тың Иран талаптарын қабылдауына және Вашингтонның өңірлік келіссөздерге араласудан бас тартуына байланысты екенін атап өтті.

– Егер АҚШ Иранның шарттарын қабылдаса, Ормуз бұғазы міндетті түрде ашылады, – деді ол.

Бұған дейін Иран мен Оманның Ормуз бұғазына қатысты келісімге жақындағаны хабарланған.