Иран Ормуз бұғазын қайта жапты

АСТАНА. KAZINFORM – Иран АҚШ тарапынан жалғасып жатқан теңіз блокадасына байланысты Ормуз бұғазының қайта жабылғанын мәлімдеді. Бұл туралы ирандық БАҚ Иран Қарулы күштерінің соғыс қимылдарын жүргізуге жауапты «Хатем әл-Анбия» орталық штабы жариялады, деп хабарлайды «Анадолу» агенттігі.

Ормуз бұғазы
Фото: «Анадолу» агенттігі

Мәлімдемеде Иран келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес ізгі ниет белгісі ретінде шектеулі сандағы азаматтық кемелердің бақылаумен өтуіне рұқсат бергені атап өтілген. Алайда ирандық әскерилердің айтуынша, АҚШ «бұрынғы кезеңдердегідей» өз міндеттемелерін орындамай, теңіз блокадасын жалғастырған.

Осыған байланысты Ормуз бұғазының қайтадан жабылғаны және оның Иран Қарулы күштерінің қатаң бақылауында болатыны жария етілді.

– Ормуз бұғазына қатаң бақылау АҚШ Иранға және Ираннан қатынайтын кемелердің еркін қозғалысына рұқсат бергенге дейін жүзеге асырылады, – деп атап өтті штабта.

Иран сондай-ақ АҚШ тарапынан қойылған «шектен тыс талаптарға» байланысты келіссөздердің келесі кезеңіне қатысуға әзірге келіскен жоқ және өз ұстанымын келіссөздерде делдал болып отырған Пәкістан арқылы америкалық тарапқа жеткізді.

Иранның Tasnim агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, Тегеранның бұл шешімі АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған Иранға қарсы «теңіз блокадасына», сондай-ақ келіссөздер барысында америкалық тараптың «шектен тыс талаптарына» байланысты.

Атап өтілгендей, келіссөздердің жалғасуы АҚШ-тың осы талаптардан бас тартуына тәуелді, ал Иран «қажытатын әрі нәтижесіз» консультацияларға қатысуға ниетті емес. Бұл ұстаным америкалық өкілдерге Пәкістан арқылы жеткізілгені хабарланды.

28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдарынан басталған соғыс аясында 8 сәуірде қол жеткізілген уақытша бітімнен кейін Тегеран мен Вашингтон 11 сәуірде Пәкістанда тұрақты атысты тоқтатуға қол жеткізу жөнінде келіссөздер өткізді. Шамамен 21 сағатқа созылған келіссөздер нәтиже берген жоқ.

Иранның ресми тұлғалары келісімнің болмауына АҚШ тарапынан қойылған «шектен тыс талаптар» себеп болғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Иран бұған дейін Ормуз бұғазын барлық сауда кемелерінің өтуі үшін ашқан болатын, алайда АҚШ Иранға қарсы «теңіз блокадасының» жалғасатынын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтуге қайтадан шектеу енгізіп, дәлізді жабатынын мәлімдеген еді.

Соңғы жаңалықтар