Иран Ормуз бұғазын жапты
АСТАНА. KAZINFORM — Иран Қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» орталық штабы Ормуз бұғазының кеме қатынасы үшін жабылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Fars агенттігі хабарлады.
Мұндай шешім Израиль әскерінің Ливан аумағына жасаған соққыларына жауап ретінде қабылданған.
— АҚШ соғысты тоқтату жөніндегі келісімнің алғашқы тармағын орындаудан ашық түрде бас тартып, өз міндеттемелерін бұзды. Сонымен қатар Ливанның оңтүстігіндегі атысты тоқтату режимі үздіксіз бұзылып отыр. Жүздеген мың бейбіт тұрғын қаза тауып, мәжбүрлі түрде қоныс аударды. Израиль күштері Ливанның оңтүстігінен кетуден бас тартқанын ескере отырып, Ормуз бұғазы кемелердің өтуі үшін жабылатынын мәлімдейміз, — делінген штаб мәлімдемесінде.
Әскери қолбасшылық бұл қарсы тараптың сенімге селкеу түсірген әрекетіне жауап ретіндегі алғашқы қадам екенін атап өтті.
Сондай-ақ агрессия жалғасқан жағдайда қарсыласты өз міндеттемелерін орындауға мәжбүрлеу үшін қосымша шаралар қабылданатыны ескертілді.
Еске салайық, 15 маусымға қараған түні Иран, Пәкістан, мен Америка Құрама Штаттары Вашингтон мен Тегеран арасындағы бейбіт келісім жасалғанын мәлімдеген болатын.
Тараптар барлық бағытта, соның ішінде Ливан аумағында әскери әрекеттерді дереу және түпкілікті тоқтатуға келіскен.
Кейін 19 маусымда Швейцария аумағында өтуі тиіс АҚШ пен Иран арасындағы техникалық келіссөздердің кейінге шегерілгені белгілі болды.
Кездесу кейінге қалдырылғанына қарамастан, АҚШ Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына қойылған шектеулерді алып тастағанын хабарлаған.
Ал Иран өз кезегінде бұғаз арқылы өтетін кемелерден ақы алынбайтынын мәлімдеген еді.