Иран Ормуз бұғазында АҚШ-тың барлау дронын қолға түсіргенін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазының батыс бөлігінде АҚШ-тың барлау мақсатында пайдаланылған ұшқышсыз ұшу аппаратын қолға түсіргенін мәлімдеді. Бұл туралы Tasnim басылымы жазды. 

Иран Ормуз бұғазында АҚШ-тың барлау дронын қолға түсіргенін мәлімдеді
Фото: Анадолы

ИРСК әскери-теңіз күштері баспасөз қызметінің мәліметінше, радиоэлектрондық күрес бөлімшелері MQM-170 үлгісіндегі ұшқышсыз ұшу аппаратын анықтап, оны басқаруды өз қолдарына алған.

Иран тарапының мәлімдеуінше, әскери қызметкерлер аппараттың нысанаға бағыттау және басқару жүйелеріне бақылау орнатқан. Осыдан кейін дрон мәжбүрлі түрде жерге қондырылған.

ИРСК өкілдерінің айтуынша, аталған аппарат Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазының жағалауындағы Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін анықтау үшін пайдаланылған.

Иран әскери күштерінің мәліметінше, дроннан алынған ақпаратты талдау нәтижесінде оның Парсы шығанағының оңтүстік жағалауында орналасқан елдердің бірінің аумағынан ұшып шыққаны анықталған.

Алайда әзірге оқиғаның мән-жайы тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.

Бұған дейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның Ормуз бұғазына бақылау орнатқаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарған болатын. Америкалық қолбасшылық АҚШ әскери қызметшілері мен өңірдегі серіктес елдердің күштері бұғазды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар бұған дейін ИРСК Ормуз бұғазына жақындаған жағдайда АҚШ-тың әскери кемелеріне шабуыл жасайтынын ескерткен еді.

Айта кетейік, бұған дейін Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы 12 қазан күні таңертең Ормуз бұғазы арқылы өтпек болған үшінші алып мұнай танкеріне соққы жасалған болатын.