Иран отандық өндірістегі алғашқы термоядролық қондырғыны іске қоспақ

АСТАНА. KAZINFORM — Ислам Республикасы ұлттық ядролық технологияларды дамытып, ғылыми зерттеулерге және оларды энергетика мен медицина салаларында қолдануға басымдық беріп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран готовится запустить первую термоядерную установку собственной разработки
Фото: IRNA

Иран отандық мамандар толықтай әзірлеген алғашқы термоядролық қондырғыны іске қосуға дайындалып жатыр. Бұл туралы 15 қарашада Иран Атом энергиясы ұйымының басшысы Мохаммад Эслами телеарнаға берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды IRNA агенттігі.

Эсламидің айтуынша, Иран ғалымдары жобаны жүзеге асыруда айтарлықтай жетістікке жеткен. Ол қондырғы бекітілген кестеге сай іске қосылады деп үміт білдірді.

Сондай-ақ Атом энергиясы ұйымының басшысы бұл жоба Иранның ғылыми-техникалық әлеуетін және озық технологиялар саласында жетекші елдермен бәсекелесе алатынын көрсетуге бағытталғанын атап өтті.

Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, бұл – жоғары температуралы плазманы қуатты магнит өрісі арқылы ұстап тұруға және басқарылатын термоядролық синтез жүргізуге арналған отандық токамак эксперименттік қондырғысы.

Ал Иранның Advanced Technologies компаниясының басшысы Әли Ноуроузи бұл технология белгілі бір физикалық жағдайда жеңіл атом ядроларының бірігуіне негізделгенін түсіндірді. Оның айтуынша, осы процесс кезінде пайда болатын сәулені радиофармацевтикалық препараттар өндіруге және заманауи медициналық диагностика жүйелерін жасауға қолдануға болады.

Бұған қоса ұзақ мерзімді зерттеулердің тағы бір мақсаты – электр энергиясын барынша аз шығынмен өндіруге мүмкіндік беретін технологияларды әзірлеу.

Әзірге қондырғыны іске қосу мерзімі, орналасқан жері, техникалық сипаттамалары мен жобаның құны жарияланған жоқ.

Термоядролық қондырғылар дәстүрлі ядролық реакторлардан жұмыс істеу принципімен ерекшеленеді. Дәстүрлі реакторларда энергия ауыр атом ядроларын бөлу арқылы өндірілсе, термоядролық қондырғыларда жеңіл атом ядролары біріктіріледі. Бұл технология көміртегі шығарындылары аз энергия өндірудің перспективалы бағыты саналғанымен, оны өнеркәсіптік ауқымда қолдану әзірге күрделі техникалық міндет болып отыр.

Қазіргі уақытта Ирандағы коммерциялық мақсатта жұмыс істеп тұрған жалғыз атом электр станциясы – Бушер АЭС. Оның алғашқы энергоблогы 2013 жылы пайдалануға берілген.

Бұған дейін Мерц Германияда әлемдегі алғашқы термоядролық электр станциясын салуды көздеп отырғанын жазған едік.