Иран өз талаптары орындалмайынша АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президентінің соңғы мәлімдемелерінен кейін Тегеран Вашингтонмен диалогты қайта бастау мүмкіндігіне қатысты ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Иран өз талаптары орындалмайынша АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді
Фото: IRNA

Иран өз талаптары орындалмайынша АҚШ-пен келіссөз жүргізбейді. Бұл туралы сейсенбі күні Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи мәлімдеді, деп хабарлайды IRNA.

Ол X әлеуметтік желісіндегідегі жазбасында бұған дейін келіссөз жүргізу мүмкіндігін жоққа шығарып, ал енді диалогқа дайын екенін жеткізген АҚШ президенті Дональд Трамптың қарама-қайшы пікірлеріне мән бермеуге шақырды.

— АҚШ президентінің «келіссөз болмайды» дегеннен бастап, «біз диалогқа дайынбыз» дегенге дейінгі қарама-қайшы мәлімдемелеріне алаңдамаңыздар, — деп жазды Резаи. 

Оның сөзінше, мұнай мен бұғаздарға қатысты жағдайдың мәні өзгерді. Ал оның салдарын реттеуге бағытталған әрекеттер алда келе жатқан үдерісті тоқтата алмайды.

Резаи бұл жазбасында келіссөздерді қайта бастауға қажетті нақты талаптарды атап көрсетпеді.

Бұл мәлімдеме Дональд Трамптың 14 қыркүйекте Truth Social әлеуметтік желісінде АҚШ-тың Иранмен келіссөз жүргізуі мүмкін екенін жариялағаннан кейін жасалды. Оның пікірінше, Тегеран келісімге тезірек қол жеткізуге ұмтылып отыр. Ал Вашингтонның диалогқа қатысу-қатыспауын өзі шешеді.

— Иран келісімге мүмкіндігінше тезірек әрі барынша қол жеткізгісі келеді. АҚШ-тың келіссөздерге қатысу-қатыспауын өзім шешемін. Біз мұндай мүмкіндікті жоққа шығармаймыз, — деп жазды АҚШ президенті.

Трамп бұған дейін Тегеранмен келісімге келудің қаншалықты орынды екеніне күмән білдірген. 1 қыркүйекте Fox News арнасына берген сұхбатында ол Иранмен жасалған келісімнің ешқандай мәні жоқ екенін, тіпті «жазылған қағазға да татымайтынын» мәлімдеді.

АҚШ президенті 13 қыркүйек, жексенбі күні Вашингтонның мүддесіне сай келетін шарттарға ғана келісетінін мәлімдеді. Алайда ол мұндай шарттардың нақты қандай талаптарға негізделетінін ашып айтпады.

АҚШ пен Иран делегациялары маусым айында тараптар қол қойған, соғысты тоқтатуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандум негізінде келіссөздерді бастады. Алайда кейін қарулы текетірестің қайта өршуіне байланысты диалог тоқтап, Ормуз бұғазы қақтығыстың негізгі ошақтарының біріне айналды. Осыдан кейін Трамп АҚШ пен Иран арасындағы меморандумның күші жойылғанын мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ пен Иран арасындағы соғыстың өтіп жатқанына алты ай болғаны хабарланған болатын.


Ақзат Жиеналина