Иран Парсы шығанағы елдерінің энергетикалық инфрақұрылымына соққы жасауы мүмкін екенін ескертті
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшеюі аясында Тегеран Парсы шығанағы елдеріне жаңа ескерту жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.
Reuters агенттігінің бес дереккөзіне сүйенген мәліметіне сәйкес, Иран АҚШ өз аумағына тағы да соққы жасайтын болса, аймақтағы стратегиялық маңызы бар энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жауап ретінде соққы беретінін мәлімдеген.
Агенттік мәліметінше, бұл ескерту АҚШ президенті Дональд Трамптың 28 шілдеде Иранның энергетикалық инфрақұрылымына соққы беру мүмкіндігін жоққа шығармаған мәлімдемесінен кейін жүргізілген дипломатиялық байланыстар барысында жеткізілген.
Хабарланғандай, Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Сауд Арабиясы, Қатар және Түркиядағы әріптестерімен, сондай-ақ Пәкістан армиясы штабының басшысымен келіссөздер өткізген. Кездесулер барысында ол АҚШ-тың серіктестерін Вашингтонға ықпал етіп, әскери операциялардың қайта басталуына жол бермеуге шақырған.
Тегеран шабуыл жасалған жағдайда жауап соққылары АҚШ-тың әскери нысандарына ғана емес, Парсы шығанағы елдерінің энергетикалық инфрақұрылымына да бағытталуы мүмкін екенін ескерткен.
Ескерту аймақтағы барлық мемлекетке арналса да, негізінен Сауд Арабиясы мен Қатар арқылы жеткізілген.
Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, бұдан кейін Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Дональд Трамппен жағдайды талқылап, шиеленісті ушықтырмауға, ықтимал соққыларды кейінге қалдыруға және келіссөздерге қайта оралуға шақырған. Сонымен қатар Эр-Рияд корольдік аумағына шабуыл жасалған жағдайда әскери жауап беруге дайын екенін жеткізген.
Ақпаратқа сәйкес, ықтимал нысандар қатарында мұнай кен орындары, мұнай өңдеу зауыттары, электр желілері, сумен жабдықтау нысандары және Парсы шығанағы елдерінің көлік инфрақұрылымы болуы мүмкін.
Бұған дейін Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы кемелердің жүру бағыты жөнінде келісімге келгені хабарланған еді. Өз кезегінде Дональд Трамп пен АҚШ Қаржы министрлігінің басшысы Ормуз бұғазының жақын арада қайта ашылуы мүмкін екенін мәлімдеген.