04:32, 02 Қазан 2017 | GMT +5
Иран портына сапарлаған қазақстандық флотилия елге оралуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Иранға достық ниеттегі сапармен келген қазақстандық флотилия Энзели портынан қайта жүзіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ИРНА агенттігіне сілтеме жасап.
Саяхатта «Орал» және «Сарыарқа» ракеталық-артиллериялық кемелердің экипажына капитан Нияз Беков басшылық етуде.
Достық ниеттегі қазақстандық алғашқы флотилия Иранның солтүстігіндегі Гилян провинциясының Энзели портына 27 қыркүйек күні келген болатын. Иран жағалауына жеткен қазақстандық экипаждың сапарының мақсаты Каспий теңізі жағалауында орналасқан елдер арасындағы халықаралық ықпалдастықты нығайту.
Флотилия командирлері Иранның әскери-теңіз күштерінің басшылығымен және Гилянның губернаторымен кездесті, сондай-ақ экипаж мүшелері провинцияның тарихи және көрікті жерлерін аралап көрді.
Айта кетейік, достық сапар ирандық тараптың шақыруымен жүзеге асты. Ағымдағы жылдың сәуір айында Қазақстанға Иранның флотилиясы келіп қайтқан болатын.