Иран президенті Макронға Израиль соққысын тоқтатпайынша АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін айтты
АСТАНА. KAZINFORM - Франция президенті Эмманюэль Макрон Иран президенті Масуд Пезешкианмен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды ВВС.

Макрон Иранды «эскалацияны болдырмау үшін барынша ұстамдылық танытуға» және АҚШ-пен ядролық келіссөздерді қайта бастауға шақырды.
Алайда Пезешкиан Израильдің Иранға қарсы шабуылы жалғасып жатқанда келіссөздер қайта басталмайтынын айтты.
Оманның араласуымен Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздердің тағы бір раунды жексенбіге жоспарланған болатын, бірақ сенбіде оның өтпейтіні белгілі болды.
Еске сала кетейік, жұма, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға жаппай соққы берді. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге қарай жүзден астам дрон ұшырды. Иран Натанзедегі ядролық қондырғының зақымданғанын растады, бірақ радиацияның ағып кеткенін жоққа шығарды.
Иран Израильге зымыран соққыларының жаңа толқынын бастады. Израильдің Төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, ирандық зымыран атысынан екі адам қаза тапты – шамамен 60 жастағы әйел және 45 жастағы ер адам. Тағы 19 адам жарақат алды, деп хабарлады Израильдің жедел жәрдем қызметі.
Иранның БҰҰ-дағы өкілі Израильдің әуе шабуылы салдарынан 78 адамның қаза тапқанын айтқан болатын. Иранда 320-дан астам адам жарақат алды.
Бұған дейін Иран жоғары шенді әскери қолбасшылар мен жетекші ғалымдардың Израиль соққысы салдарынан қаза тапқанын растады.
Иран Израиль шабуылынан кейін Ормуз бұғазын жабайын деп жатыр.
Израиль Иранға тағы соққы жасады.
Еуроодақ Израиль-Иран қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады.
ШЫҰ елдері Израильдің Иранға жасаған әскери шабуылын қатаң айыптады.