Еуроодақ Израиль-Иран қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM - Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі Таяу Шығыстағы жағдай туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Еуроодақ Израиль-Иран қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады
Фото: freepik

– Еуропалық Одақ Таяу Шығыстағы жағдайды мұқият қадағалап отыр және Израильдің Иранға жасаған соққылары мен Иранның жауап қайтару әрекеттерінен кейін Таяу Шығысты тұрақсыздандыру қаупін тудыратын қауіпті шиеленіске қатысты алаңдаушылық білдіреді.

ЕО аймақтық қауіпсіздікке, соның ішінде Израильдің қауіпсіздігіне деген берік ұстанымын қайталайды және барлық тараптарды халықаралық құқықты құрметтеуге, ұстамдылық танытуға және радиоактивті заттардың ықтимал шығарылуы сияқты ауыр зардаптарға әкеп соқтыратын әрі қарай қадамдардан бас тартуға шақырады.

ЕО әрқашан Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне рұқсат берілмеуі керек екенін және МАГАТЭ Басқарушылар кеңесі Иранның ЯҚТШ бойынша өзінің заңды түрде міндетті ядролық кепілдіктер міндеттемелерін орындамайтынын анықтаған МАГАТЭ-нің соңғы есебіне алаңдаушылық білдірді. Бірақ тұрақты қауіпсіздік әскери әрекетпен емес, дипломатия арқылы құрылады.

Біз дипломатия басым болуы керек деп санаймыз. ЕО шиеленісті азайту және Иранның ядролық проблемасының ұзақ мерзімді шешімін табу үшін барлық дипломатиялық күш-жігерге үлес қосуды жалғастырады, бұған тек келіссөздер арқылы қол жеткізуге болады, - делінген EEAS мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, жұма, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға жаппай соққы берді. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге қарай жүзден астам дрон ұшырды. Иран Натанзедегі ядролық қондырғының зақымданғанын растады, бірақ радиацияның ағып кеткенін жоққа шығарды.

Иран Израильге зымыран соққыларының жаңа толқынын бастады. Израильдің Төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, ирандық зымыран атысынан екі адам қаза тапты – шамамен 60 жастағы әйел және 45 жастағы ер адам. Тағы 19 адам жарақат алды, деп хабарлады Израильдің жедел жәрдем қызметі.

Иранның БҰҰ-дағы өкілі Израильдің әуе шабуылы салдарынан 78 адамның қаза тапқанын айтқан болатын. Иранда 320-дан астам адам жарақат алды.

Бұған дейін Иран жоғары шенді әскери қолбасшылар мен жетекші ғалымдардың Израиль соққысы салдарынан қаза тапқанын растады.

Иран Израиль шабуылынан кейін Ормуз бұғазын жабайын деп жатыр.

Иран-АҚШ келіссөздеріне делдал болып жүрген Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди жексенбі күні Маскатта өтуі жоспарланған келіссөз өтпейтінін растады.

Израиль Иранға тағы соққы жасап жатыр.

Соңғы жаңалықтар