Иран президенті тікұшағының апатқа ұшырауы салдарынан кімдер мерт болды

Погибшиий Президент Ирана
Фото: коллаж / Sabereen.ir

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Иран президенті Эбрахим Раисидің тікұшақ апаты салдарынан мерт болғаны расталды. Тікұшақ бортында Президентпен бірге елдің Сыртқы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахиянмен қатар өзге де шенеуніктер болған. Kazinform Иран Президентімен бірге тікұшақ бортындында кімдердің болғанын анықтап көруге тырысты.

Иранның Сыртқы істер министрі 1964 жылдың 23 сәуірінде Семнан өлкесіне кіретін Дамган қаласында дүниеге келген. Амир-Абдоллахиян 1980-1988 жылдардағы иран-ирак соғысы кезінде әскерге бармай, оның орнына университетке түсіп, халықаралық қатынастар саласында доктор дәрежесін алып шыққан.

«Оның білім жолы халықаралық қатынастар саласындағы жан-жақты әрі тыңғылықты зерттеулерге толы болды әрі дипломатиядағы болашақ мансап жолына мығым іргетас қалады», — делінген иран бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған қаралы хабарда.

Амир-Абдоллахиян Тегеран университетінде халықаралық қатынастар магистрі, кейіннен докторы ғылыми дәрежесін алған.

Ол Сыртқы істер министрлігінде мансап жолында жылдам көтерілді. Дипломаттық мансабын 1990 жылдардың соңында Бағдадтағы Иран Елшілігі басшысының орынбасары және сарапшы ретінде бастады. Иран СІМ Парсы шығанағы және Батыс Азия департаментінде бірқатар лауазымды қызмет атқарды. 2007-2008 жылдары Иранның Бахрейндегі Елшісі лауазымында болды.

2011-2016 жылдары Сыртқы істер министрінің Араб және Африка елдері істері жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. 2016 жылы Амир-Абдоллахян Сыртқы істер министрінің кеңесшісі қызметін атқарды.

Сол жылы елдің Сыртқы істер министрі болған Мұхаммад Джавад Зарифпен араздасып қалғаны туралы қауесеттердің таралуы кезінде Иранның Омандағы елшісі болу туралы ұсыныстан бас тартып, министрліктен кетті.

Амир-Абдоллахян парламентке ауысып, онда парламент спикері Али Лариджанидің арнайы көмекшісі және парламенттің халықаралық істер жөніндегі бас директоры қызметін атқарды. Ол 2021 жылы президент Эбрахим Раиси билікке келгенге дейін сол қызметте болып, артынша Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

Иран дипломаты ядролық келіссөздер кезінде Ядролық келіссөздер саясаты және қауіпсіздік комитетінің мүшесі бола отырып, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты батыс елдерімен келіссөздер үдерісіне қатысты.

Хосейн Амир-Абдоллахян қатаң сыртқы саясатты жақтаушы, Ислам революциясы Сақшылар корпусымен (ИРСК) берік байланысы болуымен де танымал. Дипломат әсіресе 2020 жылы Бағдадта АҚШ-тың соққысынан қаза тапқан ИРСК генералы Касем Сүлейманиге жақын болған.

Дипломат елде Мохаммад Хатами президент болған кезде Иранның ядролық келіссөздері барысында маңызды рөл атқарды және 2007 жылы Ирактағы АҚШ-Иран келіссөздеріне қатысты.

Айта кетейік, Амир-Абдоллахян жас кезінен бастап басшылықтың сеніміне ие. Оған Ирактағы соғысқа қатысты Америка Құрама Штаттарымен сирек келіссөздерге Иран атынан қатысқан үш адамдық делегацияның құрамында болуы дәлел.

Ол сондай-ақ 2015 жылғы ядролық мәміле бұзылғаннан кейін Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздерді қайта бастау әрекеттеріне қатысты. Осылайша, Амир-Абдоллахян 2018 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп келісімнен біржақты шығып кеткен кейін Тегеранның әлемдік державалармен ядролық келісімі бұзылған соң Иран саясатының қатаң бағытқа көшуін бейнеледі.

Амир-Абдоллахян Иранның араб көршілерімен, әсіресе Сауд Арабиясымен қарым-қатынасын нығайтуға ұмтылды және 2023 жылдың наурызында Қытайдың арағайындығымен жасалған келісімде Тегеран мен Эр-Рияд арасындағы байланысты қалпына келтіруде маңызды рөл атқарды.

Амир-Абдолахянның артында әйелі мен екі баласы қалды.

Шығыс Әзербайжан губернаторы Малек Рахмати өлкенің генерал-губернаторы лауазымын осы жылдан бастап атқарды. Ал оған дейін, 2023-2024 жылдары аралығында Иран Жекешелендіру ұйымының басшысы болған еді.

Малек Рахмати — ирандық заңгер әрі саясаткер. Ирандағы Имам Садек және Хрезми университеттерін бітірген.

Ол «Астане Кудс Разави» қоры басшысының орынбасары, Экономика және қаржы министрінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Рахмати басқарған Шығыс Әзербайжан Иранның солтүстік-батысындағы үш өлкенің ішінде ең үлкен әрі тұрғындары тығыз қоныстанған, басым бөлігін этникалық әзірбайжан халқы құрайтын өлке саналады.

Мерт болғандардың арасында Иран Жоғарғы көшбасшысының Шығыс Әзербайжандағы өкілі Сейед Мохаммед Әли әл-Хашемидің бар екендігі айтылады. Таратылған хабарларға қарағанда, ол Ирандағы сыйлы діни қайраткерлердің бірі және Тебриздегі жұма намазының имамы болған.

Аятолла Сейед Мохаммед Әли әл-Хашеми Тебриз қаласында дін қызметкерлерінің бірінің отбасында дүниеге келген. Ол бастапқы білімін туған жерінде алған, содан кейін Кум семинариясында жоғары рухани білім алу үшін сол жаққа көшкен.

Ол исламтану ғылымының докторы дәрежесін алып, Иранның рухани көсемі Әли Хаменеиден дәріс алған. Әл-Хашеми Шығыс Әзербайжан мен Тебризде діни жетекші және өкіл болғанға дейін Ирандағы «Иран Ислам Республикасы армиясының саяси идеологиялық ұйымы» деп аталатын әскери ұйымды басқарған.

Тікұшақ бортында мұнан бөлек Иран президенті күзетінің бастығы мехди Мусави болған. Ол жайында екінші бригаданың генералы шені болғаны және Раиси қауіпсіздік қызметін басқарғаны жайлы аздаған мәлімет қана бар.

Сонымен қатар тікұшақ апаты кезінде ұшқыш, екінші ұшқыш және экипаж командирі қаза тапты. Алайда, осы уақытқа дейін олардың аты-жөндері белгісіз болып отыр.

Айта кетейік, бүгін Иранның рухани көсемі аятолла Сейед Әли Хаменеи Иранның президенті Ибрахим Раиси мен оның қасындағылардың елдің солтүстік-батысында тікұшақ апатынан қаза болуына байланысты бес күндік жалпыхалықтық аза тұту жариялады.

Ол Иран халқына көңіл айтып, вице-президент Мохаммад Мохберге уақытша президент қызметін атқаруға және Иран парламенті мен сот жүйесінің басшыларымен алдағы 50 күн ішінде жаңа президентті сайлауға жол ашуға рұқсат берді.

Аятолла Хаменеи сондай-ақ Шығыс Әзербайжанда тікұшақ апаты кезінде президент Раисимен бірге болған басқа жоғары лауазымды тұлғалардың, соның ішінде Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян, Жоғарғы Көшбасшының өкілі және Тебриз жұма намазының имамы Сейед Мохаммед Әли әл-Хашеми, Шығыс Әзербайжан губернаторы Малек Рахматидің қазасына байланысты көңіл айтты.

Соңғы жаңалықтар