Иран проблемасын дипломатиялық келіссөз арқылы шешу керек - Қытай СІМ
БЕЙЖІҢ. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Санкциялар қолдану мен қысым шараларын көрсету Иран проблемасын шешу жөніндегі дипломатиялық әрекеттерге көмектеспейді.
Бұл туралы бейсенбі күні Бейжіңде өткен кезекті баспасөз мәслихатында Қытайдың Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Цзян Юй ханым мәлім етті.
Цзян Юйдің айтуынша, Қытай санкцияларды қолдану мен қысым көрсету Иранның төңірегінде қалыптасқан жағдайдан шығудың оңтайлы жолы емес деген пікірді ұстанады. «Оның үстіне ол шаралар осынау мәселенің түйінін шешу үшін мүдделі тараптар қабылдап жатқан дипломатиялық әрекеттерге көмектесе қоймайды», - деп атап көрсетті Қытай сыртқы саясат ведомствосының ресми өкілі.
Қытай тарабы сәрсенбі күні өткен «алтылық» елдері сыртқы істер министрлерінің келіссөзін назарға алып отыр. «Нәтижесінде бірлескен мәлімдеме жарияланды, оған сәйкес тараптар Иранның ядролық проблемасын диалогтар мен келіссөздер арқылы реттеуге талпынуда. Осыған байланысты аталған елдер келіссөз үстелінің басына Иран өкілдерінің тезірек оралғанын күтеді», - деді Цзян Юй.
Естеріңізге сала кетейік, Иран ағымдағы айда АҚШ, РФ, ҚХР, Ұлыбритания, Франция және Германия елдеріне халықаралық мәселелер бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын табыс етті. Мүдделі тараптар ағымдағы жылдың қазан айының 1-інде осы ұсыныстар бойынша келіссөз өткізу туралы шешім қабылдады.