Иран таңдау алдында: АҚШ-пен келісімге келе ме, әлде текетірес қайта күшейе ме

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс әзірге тоқтап тұр. Алайда екі тарап та қысымды біртіндеп күшейтіп, текетірестің қайта өршуі мүмкін екенін ескеріп, соған дайындалып жатыр. Вашингтон аймақтағы әскери күшін арттырып, Тегеранға қысымды күшейтуде,Ал Иран келіссөзді маусымдағы меморандум шарттары бойынша жалғастырғысы келеді.Қазіргі текетірес немен аяқталуы мүмкін? АҚШ пен Иранның ендігі әрекеті қандай болмақ? Сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Иран таңдау алдында: АҚШ-пен келісімге келе ме, әлде текетірес қайта күшейе ме
Фото:  Anadolu Ajansı

АҚШ қысымды күшейтті, Иран келіссөзге жол іздеп отыр

АҚШ пен Иран арасындағы текетірес қайта күшеюі мүмкін. Екі тарап та соған дайындалып жатқан сыңайлы. АҚШ аймаққа үшінші әуе тасымалдаушы кемесін және десанттық-амфибиялық тобын жіберіп жатыр. Алайда кейінгі бірнеше айда жағдай едәуір өзгерді. Вашингтон Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын айтарлықтай қалпына келтіріп, аймақтағы ықпалын күшейтті. Ал Иранның текетіресті одан әрі өршіту мүмкіндігі, шамасы, бұрынғыдан азайған. Сондықтан қазір Тегеранның алдында екі таңдау тұр: жаңа шарттармен келіссөзге бару немесе текетіресті одан әрі ушықтыру.

Екі тарапқа да белгілі бір нәтиже қажет екені анық. АҚШ президенті Дональд Трампқа қарашада өтетін аралық сайлауға дейін қандай да бір нәтижеге қол жеткізу маңызды. Ал америкалық блокада Иранды қиын жағдайға қалдырды. Сондықтан Тегеран да уақытша болса да бір шешімге келуге мүдделі. Бірақ өзі үшін ең маңызды мәселелерде шегінгісі келмейді.

Дегенмен қазіргі жағдайда Иран үшін ең маңызды мәселе нақты не екені әзірге белгісіз. Соның бірі ядролық бағдарламаның негізгі шарттарын сақтап қалу болуы мүмкін. Бұған 60 пайызға дейін байытылған 400 келіден астам уран қоры да кіреді. Қалай болғанда да, Тегеран дәл осы мәселені Вашингтонмен талқылауға құлықсыз. Сонымен қатар Иран 18 маусымда қол қойылған меморандумда айтылған мәселелердің жүзеге асуы да маңызды болуы мүмкін.

Еске салайық, маусымда АҚШ пен Иран келіссөз жүргізудің бірқатар шартын алдын ала келіскен еді. Олардың қатарында Иранға салынған санкцияларды алып тастау, бұғатталған активтерін қайтару және елді қалпына келтіруге 300 млрд доллар бөлу мәселесі сөз болды. Бұл сома іс жүзінде соғыс шығынын өтеуге берілетін өтемақыға жақын еді. Сондай-ақ АҚШ әскерін Иранға жақын орналасқан аумақтардан шығару мәселесі де көтерілген.

Қыркүйектің соңында Иран президенті Масуд Пезешкиан мен Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи бастаған делегация БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысу үшін АҚШ-қа барды. Оның алдында Катар Вашингтонға қақтығысты реттеу жөніндегі жоспарды жеткізген болатын. Құжатта Тегеран ядролық бағдарлама бойынша белгілі бір талаптарға келісуге және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) инспекторларын елге қайта кіргізуге дайын екенін білдірген. Бірақ оның шарты бар: алдымен тараптар маусымдағы меморандумға қайта оралуы керек.

БҰҰ алаңында Масуд Пезешкиан 18 маусымдағы меморандумды АҚШ-та 3 қарашада өтетін аралық сайлауға дейін қайта жандандыруға мүдделі екенін жеткізді.

авианосец
Фото: aljazeera

Маусымдағы үзіліс Вашингтонға дайындалуға мүмкіндік берді

Алайда Трамп Иранның ұсынысын көп ұзамай-ақ ашық түрде қабылдамайтынын мәлімдеді. Мұны түсінуге де болады. Өйткені меморандумға қол қойылған кезде ондағы шарттар АҚШ үшін тым тиімсіз көрінді. Сондықтан Вашингтонның бұл қадамын уақыт ұтуға бағытталған тактикалық шешім деуге негіз бар. Осы уақыт ішінде АҚШ 2026 жылдың жазына қарай анық байқалған соғыс кезіндегі мәселелерді шешуге кірісті.

Ең алдымен АҚШ-қа қару-жарақ қорын толықтыру қажет болды. Әсіресе Иранның дрондары мен зымырандарынан қорғануға арналған әуе қорғанысы жүйелерінің қорын көбейту маңызды еді. Бұған қоса, Иранның аймақтағы америкалық әскери базалар мен АҚШ-тың одақтас елдеріне жасаған соққыларын тоқтату қажет болды. Себебі сол кезде Вашингтонның олардың барлығын бірдей қорғауға мүмкіндігі жетпеді. Оның үстіне Парсы шығанағы елдерінің наразылығы күшейіп келе жатты.

Басты мәселенің бірі Ормуз бұғазын бақылау еді. 2026 жылдың маусымына қарай бұғаз арқылы жүк тасымалы іс жүзінде тоқтап қалды. Мұның салдары әлемдік мұнай, газ, тыңайтқыш, азық-түлік, гелий және басқа да тауарлар нарығына қатты әсер етті. Сондықтан АҚШ үшін бұғазды толық бақылауға алу мүмкін болмаса да, ондағы кеме қатынасын қалпына келтіріп, маңызды сауда жолы ретіндегі рөлін қайта жандандыру қажет болды.

Осылайша, 18 маусымдағы меморандум, ең алдымен АҚШ-тың пайдасына шешілді. Вашингтон уақыт ұтып, осы аралықты тиімді пайдаланды. Қазір Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдайтын кемелер қайта жүре бастады. Әзірге олардың арасында алып танкерлер жоқ. Шағын танкерлер Оман жағалауын бойлай өтіп, ашық теңізге шыққаннан кейін мұнайды ірі танкерлерге ауыстырып тиеп жатыр. Қыркүйектің соңындағы мәлімет бойынша, бұғаз арқылы өткен танкерлер тасымалдаған мұнай көлемі соғысқа дейінгі деңгейдің 80 пайызына дейін жеткен.

АҚШ Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын біртіндеп қалпына келтіріп жатыр

2 қазанда Ормуз бұғазы арқылы сұйытылған газ тасымалдайтын кемелер де өте бастағаны туралы ақпарат тарады. Қыркүйекте бұғаздан 19-21 газ тасымалдаушы кеме өткен.

Ормуз бұғазы
Фото: azertag.az

Бұл – Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалындағы ең күрделі бағыттардың бірі. Өйткені сұйытылған газ тасымалдайтын кемелер мұнай танкерлеріне қарағанда осал келеді. Сондықтан оларды әскери қимыл болуы мүмкін аймақ арқылы өткізу үшін қауіпсіздікке барынша сенімді кепілдік қажет.

Осылайша, АҚШ Ормуз бұғазында кеме қатынасын толық болмаса да қайта жолға қоюдың амалын тапқанға ұқсайды. Иран әлі де жүк тасымалының тұрақтылығына қауіп төндіре алады, бірақ маусымдағыдай кеме қатынасын іс жүзінде тоқтатуға енді қауқарсыз. Сондықтан АҚШ-тың Иранға жеңілдік жасауына айтарлықтай негіз жоқ. Қазір Вашингтонның ұстанымы бұрынғыдан әлдеқайда мықты.

АҚШ бұған қалай қол жеткізді деген бөлек мәселе. Шамасы, алдымен Оманға жақын аумақтағы кеме жүретін жолдар миналардан тазартылған. Бұдан кейін жаз бойы жағдай ушыққан кездерде Иранның жағалаудағы әскери инфрақұрылымына, соның ішінде радарларына соққы жасалған.

Сөйтіп Иранның шағын әскери кемелерді теңізге шығарып, мина қою және танкерлерге соққы жасау мүмкіндігі шектелді. Сонымен қатар Иранның кемелер жүретін бағыттарға қашықтан мина қою мүмкіндігі де азайды. Ол үшін теңіз миналарымен жабдықталған зымырандар қолданылған. Зымырандарды бағыттау үшін GPS жүйесі пайдаланылған, ал АҚШ оның жұмысын бұғаттай алуы мүмкін. Бұған жағалаудағы зымыран ұшыру қондырғылары мен радарлардың жойылуы да әсер етті.

Бұл жерде тағы бір маңызды жайт бар. Соғыс кезінде Иранның зымыран шығаратын өндіріс орындары қатты бүлінді. Блокада жағдайында оларды қалпына келтіру оңай емес. Сонымен қатар радарлар мен спутниктік бақылаусыз қозғалыстағы шағын кемелердің нақты орнын анықтау қиын. Бұл әсіресе дрондармен соққы жасау кезінде маңызды.

Қалай болғанда да, Иранның маусымдағыдай Ормуз бұғазын толық жабуға қазір мүмкіндігі жоқ сияқты. Тегеран кеме қатынасына кедергі келтіріп, жекелеген соққылар жасай алады, бірақ бұғаз арқылы өтетін кемелер қозғалысын толық тоқтата алмайды. Демек Иранның қолында АҚШ-ты маусымдағы меморандумға келісуге итермелеген бұрынғы тетіктер енді жоқ.

Тегеранның қысым жасау мүмкіндігі азайып барады

Соған қарамастан, Иран маусымдағы меморандумда жасалған келісімдерді сақтауды талап етіп отыр. Бірақ Тегеранның бұл ретте неге сеніп отырғаны белгісіз. Өйткені бұл құжаттың шарттары АҚШ үшін аса тиімді емес. Соған қарамастан, Тегеран Вашингтонның оны қайта қабылдауынан үмітті. Әрине, бізге белгісіз жайттар болуы мүмкін. Бәлкім, Тегеранның Вашингтонды келісімге көндіретін қандай да бір мүмкіндігі әлі де бар шығар.

Мәселен, Йемендегі хуситтердің жуырдағы шабуылы және олардың Баб-эль-Мандеб бұғазына дейінгі жағалауды бақылауға алуы Иранмен бірлескен қандай да бір жоспардың бір бөлігі болуы мүмкін. Парсы шығанағы елдерінің ақпарат кеңістігінде осындай пікір айтылып жүр. Егер Иранның шабуыл жасау мүмкіндігі әлі де сақталған болса, Баб-эль-Мандеб пен Ормуз бұғаздарындағы кеме қатынасын бір мезгілде тоқтату күн суытар шақта әлем экономикасына ауыр салмақ түсіруі мүмкін. Тегеран Ормуз бұғазы арқылы сұйытылған газ тасымалдайтын кемелер өткен сәтте соққы жасап, АҚШ оған кедергі келтіре алмайды деп есептеуі де мүмкін.

Алайда мұның бәрі әзірге тек болжам. Қазіргі белгілісі – АҚШ кемелердің Ормуз бұғазы арқылы өтуін қамтамасыз етіп отыр, ал Иран оған әзірге кедергі келтіріп отырған жоқ. Оның үстіне АҚШ блокадасы күшейген сайын Иранның жағдайы қиындап барады. Қыркүйектің соңында Вашингтон теңіз тасымалына қатысты шектеулермен қатар Иран әуе компанияларына да санкция енгізді.

Мұнай нарығы АҚШ үшін басты мәселе болып отыр

Соған қарамастан, әлемдік нарықта жанармай, әсіресе дизель отынымен қамтамасыз ету мәселесі әлі де бар. Дональд Трамп бұл туралы бірнеше рет айтқан. Кейінгі уақытта ол нарықтағы ұсынысты арттыру үшін G7 елдерін өз қорларынан 120 млн баррель мұнай шығаруға шақырып жүр. 2 қазанда Франция президенті Эммануэль Макрон «Үлкен жетілік» елдері 100 млн баррельге дейін мұнай мен мұнай өнімдерін қордан шығару туралы шешім қабылдағанын хабарлады.

нефть
Фото: freepik.com

Бұл шешім мұнай бағасының төмендеуіне әсер етті. Алайда аймақтағы жағдай қайта ушықса, баға тағы өсуі мүмкін. Сондықтан алдағы бір айда, яғни АҚШ-тағы аралық сайлауға дейін жанармай бағасын төмендету үшін Вашингтонға Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының үздіксіз жүруін қамтамасыз ету маңызды.

Сонымен бірге Республикалық партияның сайлауда жеңіліп, кемінде Конгрестегі басымдығынан, тіпті Сенаттағы позициясынан айырылу ықтималдығы жоғары болып отыр. Мұндай жағдай Трамптың ел ішіндегі саяси мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін. Әдеттегі жағдайда мұндай саяси ахуал Трампты «ақсақ үйрек» жағдайына түсірер еді. («Ақсақ үйрек» — ықпалы, өкілеттігі немесе саяси маңызы әлсіреген адамды сипаттайтын тұрақты тіркес. Бұл ұғым америкалық саяси ортада қалыптасқан және ағылшын тіліндегі «lame duck» тіркесінен шыққан).

АҚШ-та бұл атау өкілеттік мерзімі аяқталуға жақындаған және қайта сайлауға түспейтін президентке қатысты қолданылады.

Алайда Трамптың бұған дейін де күтпеген саяси шешімдер қабылдағанын ескерсек, жағдай басқаша өрбуі мүмкін. Қалай болғанда да, ол Иранмен соғыс мәселесін бір шешімге жеткізуге тырысады.

Ресми тұрғыдан алғанда, Трамп Конгрестің мақұлдауынсыз Иранға қарсы соғысты 60 күн бойы жүргізе алады. Ал егер Иран аймақтағы америкалық базаларға бірінші болып соққы жасаса, Конгрестің рұқсаты қажет болмай қалады. АҚШ Иранға қарсы қазіргі блокаданы сақтап қалса, мұндай жағдай ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.

Иран келісім мен жағдайды ушықтырудың бірін таңдауға мәжбүр

Ал Иран өзіне тиімсіз жағдайдан шығудың жолын іздеуге мәжбүр. Тегеран АҚШ-ты маусымдағы меморандумда жасалған келісімдерге қайта көндіреміз деп ойласа, әзірге ештеңе шыққан жоқ. Оның үстіне блокада ел экономикасына ауыр салмақ түсіріп отыр. Сондықтан Иран билігіне қандай да бір шешім қабылдау қажет.

Тегеранның таңдау мүмкіндігі де көп емес. Не АҚШ-пен келісімге келуі керек, не жағдайды одан әрі ушықтыруға баруы қажет. Үшінші жол да бар: ештеңені өзгертпей, қай тараптың шыдамы мен қаржысы бұрын таусылатынын күту.

Мұндай жолды да жоққа шығаруға болмайды. Алайда блокаданың салдары ауыр болғандықтан, Иран үшін ұзақ уақыт күту оңай емес. Тегеран АҚШ ұсынған шарттармен келісуге де дайын емес. Ал жағдайды ушықтырудың да өз шегі бар. Мәселен, АҚШ әскері 30 қыркүйекте Ирактан шығарылғаннан кейін Иран шекарасына жақын жерде америкалық күштер қалған жоқ.

Оның үстіне АҚШ әскерінің Ирактан шығарылуы Иранды қолдайтын қарулы топтардың емес, Ирак үкіметінің позициясын күшейтеді. Елдегі келісімдерге сәйкес, Иранды қолдайтын қарулы топтар 2027 жылы қаруын тапсыруға тиіс. Ирактағы шииттік үкімет те Иранға тәуелді болғысы келмейді және Тегеранның АҚШ-пен текетіресін қолдауы екіталай. Оның үстіне Ирактың кірісі Ормуз бұғазы арқылы жүк тасымалының үздіксіз жүруіне байланысты.

Әрине, Иран Йемендегі хуситтерді Сауд Арабиясына қарсы әрекет етуге немесе Баб-эль-Мандеб бұғазындағы кеме қатынасын шектеуге пайдалануға тырысуы мүмкін. Бірақ мұндай қадам Иранның негізгі сауда серіктестері - Қытай мен Үндістанның наразылығын туғызуы ықтимал. Баб-эль-Мандебте мәселе туындаса, Суэц каналының жұмысына тәуелді Мысыр да бұған мүдделі болмайды. Оның үстіне хуситтермен жеке келісімге келуге де болады.

Ал Ливандағы «Хезболла» Израильдің шабуылдарынан кейін айтарлықтай әлсіреді. Бұған қоса, қыркүйектің соңында Сирия Ливанмен шекараға әскер шоғырландырды. Мұны «Хезболлаға» қысым жасау әрекеті ретінде де қарастыруға болады.

Иран жағдайды ушықтыруға барса, оның қолындағы негізгі қару – зымырандар мен дрондар. Олардың әлеуетін де елемеуге болмайды. Алайда Иран үшін басты қауіп – АҚШ-тың мұндай соққыларға қалай жауап беретіні. Вашингтон жауап ретінде Иранның мұнай және энергетика нысандарына соққы жасауы мүмкін. Мұның салдары Иран үшін тым ауыр болуы ықтимал.

Қалай болғанда да, маусымдағы меморандумнан бері АҚШ оқиғаның әртүрлі өрбуіне бұрынғыдан жақсырақ дайындалып үлгерді. Қазір Вашингтонның ұстанымы бұрынғыдан мықты. Енді таңдау Иранның өзінде: АҚШ-пен келісімге келу немесе жағдайды одан әрі ушықтыру. Екі жол да Тегеран үшін тиімді емес. Дегенмен бейбіт жолмен шешілгені әлдеқайда дұрыс.