Иран үкіметі экономикалық қысымға байланысты арнайы жұмыс режиміне көшті
АСТАНА. KAZINFORM — Иран Ислам Республикасының үкіметі елге сыртқы экономикалық қысым мен тұрақсыздық факторларына тиімді қарсы тұру үшін басқару құрылымын қайта ұйымдастырып, арнайы жұмыс режиміне көшті, деп жазады ИРНА.
Бұл туралы Иран президенті Масуд Пезешкиан мәлімдеді.
— Атқарушы билік елде қалыптасқан ерекше жағдайдағы ахуалды бақылау үшін жұмыс құрылымын қайта құрып, басқарудың жаңа жүйесін енгізді, — деп жазды Иран президенті өзінің X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.
Пезешкианның айтуынша, соңғы айларда Иран қарсыластарының елге қатысты стратегиясы мемлекеттің тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі салаларға — энергетика, қаржы және логистика секторларына бағытталған.
Президенттің сөзінше, бұл әрекеттердің басты мақсаты — жасанды тапшылық қалыптастырып, азаматтарға түсетін қаржылық ауыртпалықты күшейту арқылы қоғамда наразылық туғызу болды.
— Иранға экономикалық қысым айтарлықтай күшейді. Алайда халқымыздың табандылығы және атқарушы биліктің дер кезінде қабылдаған дағдарысқа қарсы шараларының арқасында қарсы тараптың экономикалық соғыстағы негізгі жоспарларын жүзеге асыруына жол бермедік, — деп қорытындылады мемлекет басшысы.
Осыдан бұрын хабарланғандай, Иран Ормуз бұғазын ашу туралы ұсынысқа АҚШ-тың жауабын күтіп отыр.
Сонымен қатар Иран АҚШ-қа соғысты тоқтатудың жеті күндік жоспарын ұсынғанын жазған болатынбыз.