Иран үш америкалық сарбаздың өмірін қиған шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM - Иран Иорданияда үш америкалық әскери қызметкер қаза тауып, ондаған адам жарақат алған ұшқышсыз басқарылатын ұшақ шабуылына қатысы барын жоққа шығарды, деп хабарлайды IRNA ақпарат агенттігі.
Тегеранның мәлімдеуінше, Иордания-Сирия шекарасы маңындағы материалдық-техникалық базаға жасалған шабуылға оның ешқандай қатысы жоқ.
«Бұған дейін мәлім еткеніміздей, аймақтағы қарсыласу топтары сионистік режимнің балаларды өлтіріп жатқан соғыс қылмыстары мен геноцидіне жауап беруде және олар Иран Ислам Республикасының бұйрықтарына бағынбай отыр. Бұл топтар өз ұстанымдары мен басымдықтарына, сондай-ақ өз елі мен халқының мүддесіне сүйене отырып шешім қабылдайды және әрекет етеді», - деп мәлімдеді Иран Сыртқы істер министрлігінен.
Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден мен Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмерон Иран қолдайтын топтар бір күн бұрын Иордания мен Сирия шекарасында орналасқан АҚШ әскеріне шабуыл жасады деп айыптады.
Шабуылдан үш америкалық сарбаз қаза тауып, ондаған адам жарақат алған.
Американың сегіз сарбазы күрделі медициналық көмек алу үшін Иорданиядан эвакуацияланды, бірақ олардың жағдайы тұрақты, деп хабарлайды Reuters.
Байден Оңтүстік Каролинадағы сайлауалды шара кезінде Иорданияда қаза тапқан үш әскери қызметкерді бір минут үнсіздікпен еске алуды сұрап, «Біз жауап береміз» деп қосты. АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин бұл сөздерді қайталады.
Иранның БҰҰ-дағы миссиясы жексенбі күні кешке Иранның АҚШ базасына жасалған шабуылға оның еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Иран СІМ ресми өкілі Нассер Канаани де Ұлыбританияның Иранды аймақтағы қарсыласу топтарының Иорданиядағы АҚШ базасына шабуыл жасау операциясына қатысқаны туралы айыптауын негізсіз деп атады.
Йемендік хуситтер мен Палестинаның ХАМАС тобы шабуылға қатысты пікірін білдірді.
«Иорданияның солтүстік-шығысындағы әскери базаға шабуыл – араб әлемінде Америка саясатына наразылықтың айқын белгісі», - деп мәлімдеді Йеменнің Жоғары саяси кеңесінің мүшесі Мохаммед Әли әл-Хуси.
Оның айтуынша, АҚШ өз базасына жасалған шабуылдың мәнін түсінуі тиіс.
«Америкалық үш сарбаздың өлтірілуі – бұл АҚШ басшылығына Газадағы бейкүнә жандарды өлтіру тоқтатылмайынша оған бүкіл (мұсылман) ұлтқа қарсы тұруға тура келеді деген белгі», - деп мәлімдеді өз кезегінде ХАМАС саяси бюросының мүшесі Сами Әбу Зухри.
Шабуыл үшін жауапкершілікті Ирактағы Иран қолдайтын қарулы топтардың альянсы «Ирактағы исламдық қарсыласу» алды.