Иран жан басына шаққанда өлім жазасын қолдануда әлемдік көшбасшы болып отыр
БРЮССЕЛЬ. 29 шілде. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - 2011 жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша Иран жан басына шаққанда өлім жазасын қолдану бойынша әлемдік көшбасшы болғаны Еуроодақты алаңдатып отыр.
Осындай мәлімдемені Брюссельде ЕО шетелдік істер мен қауіпсіздік саясаты бойынша Жоғары өкілі Кэтрин Эштон жасады.
«Мен Иранда өлім жазасының артып кетуіне алаңдаушылық білдіремін. Түрлі ақпарат көздерінен түсіп жатқан соңғы мәліметтер бойынша, 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында Иран жан басына шаққанда өлім жазасын қолдану бойынша әлемдік көшбасшы орында келе жатыр. Бұл өлім жазасынан бас тартудың жаһандық үрдісіне қайшы келеді», - деді К.Эштон.
Осыған орай, еуропалық дипломатия өкілі өлім жазасынан бас тартпай отырған өзге де елдермен қоса Иранға да өлім жазасын жүзеге асыруды тоқтатып, жазаның осы түріне мораторий енгізуге шақырып отыр.