Иран жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау саласында бірінші орынға қалай жетті? - шетелдегі қазақ баспасөзі
«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Өзбекстанда пластик пакеттерге тыйым салынуы мүмкін - «ӨзА»

2027 жылдан бастап пластик пакеттерді өндіру, импорттау және пайдалануға тыйым салынуы, сондай-ақ экологиялық тұрғыдан зиянсыз (биоыдырайтын) пакеттерді қолдануды ынталандыру жоспарлануда, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Өзбекстанда 2025−2027 жылдарға арналған пластикпен ластануды азайту бойынша ұлттық бағдарлама жобасын әзірлеу көзделіп отыр. Бұл бастама қоғам талқылауына ұсынылған «Өзбекстан–2030» стратегиясы шеңберіндегі «Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл экономика» жылында жүзеге асырылатын мемлекеттік бағдарлама» жобасында қарастырылған.
Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап пластик пакеттерді өндіру, импорттау және пайдалануға тыйым салынып, биоыдырайтын пакеттерді қолдану ынталандырылатыны ұсынылған.
Сонымен қатар, пластик өнімдерінің құрамындағы зиянды химиялық заттарды шектеу және орамаларда қайта өңделген пластикті пайдалану коэффициенттерін белгілеу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, қазіргі уақытта әлемнің кейбір мемлекеттерінде пластик пакеттерді пайдалануға толық тыйым салынған. Сондай-ақ пластик пакеттерге ішінара тыйым салған немесе оларды пайдалануға жоғары салық салынған елдерде бар.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Өзбекстан мен Қазақстан СІМ телефон арқылы сөйлесті» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

«ӨзА» ақпарат агенттігінің дерегінше, Өзбекстан Республикасы сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары және сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен телефон арқылы сөйлесті.
СІМ мәліметінше, сұхбат барысында стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды тереңдету, бүкіл Орталық Азия аймағының өркендеуін арттыру, сондай-ақ жаһандық мәселелерді шешуде ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланған.
Иран жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау саласында бірінші орынға қалай жетті ? - «ParsToday»
Соңғы жиырма жылда назар аударған маңызды мәселелердің бірі – Иранның денсаулық сақтау жүйесінің Батыс Азия аймағы мен әлем елдері арасындағы орны. Аймақтағы және одан тысқары елдермен салыстырғанда Иранның денсаулық сақтау жүйесінің артықшылығы бар, көрнекті орынға ие және бұл қолайлы жағдай Иранның аймақтағы денсаулық сақтау саласындағы ең маңызды елдердің қатарында болуына негіз салды, деп жазады «ParsToday».
«Pars Today» агенттігінің хабарлауынша, осыған байланысты Иран соңғы жылдары жүкті аналардың денсаулығын сақтау саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Ана өлімінің айтарлықтай төмендеуі елдің маңызды артықшылығының бірі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, Иран жүкті ана өлімін азайту бойынша даму мақсаттарына қол жеткізе алған санаулы елдердің бірі болып табылады.
Иран Ислам Республикасының Денсаулық министрі Мұхаммадреза Зафарқандидің айтуынша, Иран жүкті ана өлімін азайту бойынша әлемдегі алғашқы 3 елдің қатарында. Бұл құрмет көп жылғы қажырлы еңбектің жемісі.
Бұл жағдай Иран үкіметінің, денсаулық орталықтары мен ұйымдарының ауқымды күш-жігерінің нәтижесі екені анық және қабылданған маңызды шаралардың кейбірі айтылады.
Атап айтқанда, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, скринингтік бағдарламалар, білім беру мен ақпараттандыру және табиғи босануды насихаттау. Сондай-ақ дәрі-дәрмек пен тағамдық қоспаларды тегін тарату және бала емізетін аналарды қолдау қатарлы сегіз түрлі маңызды шараларды қабылдаған.
Қазақстанда жаңа әуежайлар салынады - TRT

Қазақстанда 2030 жылға қарай көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылады. Қазақстанда авиация саласындағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру басталды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көлік инфрақұрылымына 9 триллион теңгеден астам инвестиция салынады.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-та хабарлағандай, 2025 жылы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынады.
Жаңартылатын жаңа жолдардың жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырымды құрайды. Теміржол көлігі саласында да бірқатар ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
Теңіз көлігін дамыту үшін Ақтау портында контейнерлік орталықтың құрылысы басталды. Осылайша порттың жылдық жүк өткізу қабілеті арттырылады.
«Бұл бастама Қазақстанның халықаралық логистикалық аренадағы орнын нығайтады. Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы өтетін Транскаспий бағыты бойынша контейнерлік тасымалдауды арттырады. Ол транзиттік жүктің бір бөлігін Қытайдан Еуропаға бағыттайды», деп жазады түркиялық басылым.
Қытайлық спортшылар Харбин Қысқы Азия ойындарында киетін киім үлгілерін көрсетті - «Халық газеті»

2025 жылы 9-ыншы Қысқы Азия ойындарында Қытай спорт делегациясының марапатқа ие болған кезде киетін киім үлгісі Харбинде жарияланды, деп жазады қытайлық «Халық газеті» басылымы.
Айта кетейік, аталған киім үлгілерін көрсетуде қытайлық БАҚ-тардағы басты суретте Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Сюй Ментао мен қытайлық қандасымыз конькиші Ахнар Адақтың суреті тұрды.
9 қаңтар күні Харбин қаласында 2025 жылғы тоғызыншы қысқы Азия ойындарында Қытай спорт делегациясының марапатқа ие болған кезде киетін киімдері мен жабдықтары ресми түрде жария етілді. Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Сюй Мэнтао, қытайлық шорт-трекшілер Лю Гуаньи мен Занг Идзе, қытайлық конькишілер Ахнар Адақ пен Ду Хаонан подиумдар арқылы Қытай спорт делегациясының марапатқа ие болған жабдықтарын көрсетті.
Сондай-ақ осы аптада қытайлық «Халық газеті» басылымында «2024 жылы Қытай-Қазақстан шекарасындағы Алашанькоу-Достық порты арқылы 210 000-нан астам адам өткен» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.

Шыңжаңдағы Алашанькоу шекара өткізу пунктін басқару департаментінің мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың соңына қарай Қытай-Қазақстан шекарасындағы Алашанькоу-Достық порты арқылы қос бағытта 216 000 адам өтіп, 69%-ға артты.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, өткен жылы портта тәулігіне ең көбі 320 адам өткен, ал күнделікті халықаралық автобустардан күніне ең көбі 8 көлік жолға шыққан.
Жолаушылар ағынының шарықтау кезеңінде кедендік рәсімдеудің тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті шекара және кеден қызметкерлері ағылшын, қазақ, орыс сияқты бірнеше тілде қызмет көрсетеді.