10:10, 16 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Иранда автобус көпірден құлап кетіп, ондаған адам қаза болды
АСТАНА. Қыркүйектің 16-сы. ҚазАқпарат - Иранда Тегранға бара жатқан жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады.

Машина жолдың шетіндегі қоршауды бұзып, көпірден құлап кеткен. Апат салдарынан 29 адам қаза болып, тағы 10 адам зардап шекті, деп хабарлайды РБК агенттігі.
Оқиға Тегран мен Саве қалаларының арасында орын алған. Зардап шеккендердің бәрі ауруханаға жатқызылды.
Иранның жол полициясының ақпараты бойынша, жол апатына әбден шаршап келе жатқандықтан, рульге ие бола алмай қалған автобустың жүргізушісі кінәлі. Тағы бір ақпараттар бойынша, жүргізуші рульде ұйықтап қалған сыңайлы.
Ресми мәліметтер бойынша, былтыр Иранның жолдарында жол-көлік оқиғаларының салдарынан 23 мыңдай адам қаза тапқан. Иран жол апатына ұшырау тәуекелі жоғары елдердің бірі саналады.