Иранда қаза тапқан Қазақстан азаматтарының денелерін елге жеткізу жөніндегі дайындық жұмыстары жүргізілуде
АСТАНА. Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Иранда ұшақ апатында қаза тапқан Қазақстан азаматтарының денелерін тасымалдау жөніндегі дайындық жұмыстары жүргізілуде,
деп хабарлады Қазақстанның Ирандағы Елшілігінен.
Иранның Мешхед қаласындағы әуежайда шілденің 24-інде жергілікті уақыт 18.05-те қонар кезде ИЛ-62 жолаушылар ұшағының апатқа ұшырағанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Ирандық «Ариа тур» авиакомпаниясының ұшағы Тегран-Мешхед бағыты бойынша №1525 рейсті орындаған.
Ресми мәліметтер бойынша, апат салдарынан ұшақ бортында болған 153 адамның 16-сы - қаза тапқан, 33 адам - түрлі жарақат алған. Қаза болғандардың ішінде Қазақстанның бес азаматы бар, барлығы - экипаж мүшелері. Сондай-ақ бір Өзбекстан азаматы, үш Ресей азаматы және жеті Иран азаматы бар. Ресейдің бір азаматы аяқ сынығы жарақатымен Мешхед жедел жәрдем ауруханасына жатқызылған.
Келіп түскен ақпараттар бойынша, апат болған ұшақ Иранда лизингілік негізде қазақстандық экипажбен жұмыс істейтін қазақстандық жекеменшік «Дета аир» авиакомпаниясына тиесілі болған.
Ирандағы Қазақстан Елшілігінің ақпараты бойынша, қазір оқиға орнында елшіліктің және Горган қаласындағы бас консульдықтың қызметкерлері, сондай-ақ «Дета аир» компаниясының өкілі жұмыс істеуде.
Қаза болғандардың денелері сот-медициналық сараптама амалдары аяқталғаннан кейін, әрі қарай тасымалдау үшін қалалық мәйітханаға жеткізілді. Қаза болғандардың тұлғаларын тану және куәлік ету шарасын судья шілденің 27-сінде белгіледі. Денелерді қазақстандық авиакомпания ұйымдастыратын чартерлік әуе рейсімен жақын күндері елге жеткізу жоспарлануда.