Иранда отандық «Талан» фильмі көрсетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсірілген «Талан» көркем фильмі Иранның Тегеран қаласында өтетін 36-ші Халықаралық Фаджр кинофестиваліне қатысады. Бұл жайында ақпаратты «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отандық туынды сәуірдің 19-27-сі аралығында өтетін фестивальдің «Шығыс панорамасы» бағдарламасы бойынша қатысады.
Белгілі режиссер Болат Қалымбетов түсірген фильмде жиырмасыншы ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы ел тарихында орын алған оқиғалар қарапайым адамдардың өмірі арқылы баяндалады. Фильмнің сценариі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр-адам» повесінің желісі бойынша жазылған.
«Сәуір айының ортасында Тегеранға жол тартамын, иран көрермендеріне «Талан» фильмін таныстырамын. «Фаджр» сынды белді кинофестивальда картинаның әлемдік премьерасы өтетініне өте қуаныштымын», - деді режиссер Болат Қалымбетов.
Биыл фестивальдің «Шығыс панорамасы» байқауына 12 елдің, атап айтқанда Қытай, Вьетнам, Әзербайжан, Ирак, Грузия, Үндістан, Палестина, Жапония, Моңғолия, Кувейт, Сирия және Қазақстанның фильмдері қатысады.
«Фаджр» кинофестивалінде «Қазақфильм» киностудиясының қатысуымен түсірілген тағы да бір кинотуынды - «Әкеге қоңырау шалу» фильмі көрсетіледі. Аталған картина фестивальдің негізгі халықаралық конкурсында бақ сынайды. Айта кетсек, режиссер Серік Апрымов «Фаджр» фестиваліне осыдан 27 жыл бұрын қатысқан. 1991 жылы режиссер түсірген «Соңғы аялдама» атты дебюттық картина «Фаджр» фестивалінің негізгі байқауына қатысып, «Үздік фильм» жүлдесін алған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, «Әкеге қоңырау шалу» фильмі Қазақстан киносыншылар қауымдастығы ұйымдастырған «Сыншылар таңдауы» киножүлдесінде екі бірдей жүлдеге - «Үздік режиссер» және «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» (актер Ерболат Оспанқұловқа табысталды) қол жеткізді. Мұнан бөлек, аталған туынды Ресейдің «Ника» атты киножүлдесіне үміткер болған. Аталған туынды 2018 жылы сәуірдің 19-26 аралығында Ресей астанасында өтетін 40-шы Мәскеу халықаралық кинофестивалінде «Шеберлер» бағдарламасында көрсетіледі.
Фаджр халықаралық фестивалі 1982 жылы Иранның Мәдениет министрлігі және ислам бағыты ұйымымен негізі қаланған. Фестиваль Қиыр Шығыстағы ең ауқымды әрі танымал кинофестиваль есептеледі.
Былтыр 2017 жылы «Фаджр» кинофестивалінің «Үздік азиялық фильмі» номинациясында бас жүлдені «Қазақфильм» киностудиясы жарыққа шығарған режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» фильмі алды. Биылғы «Фаджр» жеңімпаздары фестивальдің жабылу салтанатында, 2018 жылы 27 сәуірде жарияланады.
«Талан» фильмінде тағдырдың жазуымен бар өмірін елден жасырын өткізген адамның ортамен байланысы ақыры трагедиямен аяқталады. Осындай талайлы тағдырлар арқылы азаттық аңсаған ата-бабаларымыздың арманы -тәуелсіздіктің қадір-қасиеті көрінеді. Талан - тағдырдың синонимі.
«Әкеге қоңырау шалу» фильмі жас жігіттің бала кезінен бастап есейген шағына дейінгі 25 жыл өмірін қамтиды. Картинада баланың әке-шешесімен арасындағы қиын қатынастары, жеткіншектің сезімдері мен басына түскен қиындықтары суреттеледі.
